ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Астанада Абылай ханның шапаны сақталып отырғанын айтты (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Музейдегі түн» акциясына 23 мың адам қатысты. Шара 19 мамырға қараған түні Ұлттық музейде өтті.

Акция 15 мамырда Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын, елдегі музей ісінің кешегісі мен бүгінін, сондай-ақ «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жарқын бояулармен көрсеткен флеш-мобпен басталды, деп хабарлады ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі.

Акция ауқымында Ұлттық музейге «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының символы - Тайқазан салтанатпен тапсырылды. Сондай-ақ «Қазақстан» РТРК» АҚ музейге Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған кітаптар сериясын сыйға тартты. Шараның жалғасы 18 мамырда «Музейдегі түн» акциясына ұласты, оған келген қонақтар алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар, сақ ханшайымы, қазақ батырлары, сәукелелі қалыңдық сияқты елдің ежелгі тарихынан көріністерді тамашалады. Музей холлында келушілер «көкте» самғаған бүркітті тамашалап, үлкен медиа-экраннан - Қазақстан Картасы бойынша еліміздің кең байтақ жерлеріне виртуальді саяхат жасады. Шараның ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде елімізде музей ісі қарқынды дамып келе жатқанын, бұл саланы күшейту үшін пәрменді шаралар қолға алынғанын атап өтті. Бұл акция Орталық Азиядағы ең ірі акция болды. Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай жиналғандарға «Музейдегі түннің» маңызы туралы айтып берді. Ол халықты өз тарихын біліп, бүгінімізді бағалаумен қатар бірлікті нығайтып, халық мұрасын көздің қарашығындай сақтауға, біртұтас халық ретінде ортақ идея төңірегіне топтасуға шақырады.

«Әрине, музейге, мәдениетке қамқорлықты бейбіт және әл-ауқаты жақсы ел ғана көрсете алады. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін біз мәдениетімізді де жоғары деңгейге көтеруіміз қажет. Ұлттық музейде экспонаттарды сақтауға және оны еркін көруге барлық жағдай жасалған. Мұндай акциялар жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет, сондықтан да Ұлттық музей ұжымы жастарға өз тарихын тануына барынша көмектесуді өзінің борышы санайды», - деді Д.Мыңбай.

Қонақтар үшін арнайы театрландырылған экскурсиялар өткізілді, әртүрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Барлық тілек білдірушілер тарих пен мәдениет бойынша ойындар мен викториналарға қатысты. Көпшілігі әртүрлі бағыттар бойынша мамандардың дәрістерін тыңдады. Сондай-ақ баға жеткісіз экспонаттар мен тарихи жәдігерліктер жөнінде деректі фильмдер көрсетілді. Сонымен бірге М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театры соғыс жөнінде спектакльден үзінділер, ал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен магистранттары «Алтын адам туралы аңыз» қойылымын көрсетті.

Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сияқты елеулі мерекелерге баса назар аударылды.

«Музейдегі ең ірі зал тарихымызға арналған. Тарих залы Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы, хандықтағы батырлар мен билер институты, хан көтеру рәсімі сияқты тақырыптарды қамтиды. Бұл залда Абылай хан шапанының түпнұсқасы, қазақ батырларының алтын жалатылған дулығасы, Түркістаннан әкелінген қазақ хандары дәуіріндегі тулар сақталған. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында табылған артефактілер де осы залға қойылған», - деді Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Ғалия Ақпанбекова.

18 мамырдағы музейлердің халықаралық күні бүкіл әлемде 1977 жылдан бері аталып өтілуде. «Музейдегі түн» акциясы алғаш рет 1997 жылы Германияда ұйымдастырылды. 2001 жылы бұл идеяны Париждегі Лувр қолдады, ал кейіннен акция дәстүрлі түрде әлемнің көптеген музейлерінде өткізіліп келеді.

ҚР Ұлттық музейі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2014 жылғы 2 шілдеде құрылды, «Музейдегі түн» акциясы мұнда биыл алғаш рет өткізіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар