ҚР Ұлттық экономика министрі отандық тауар өндірушілердің экспорттық жолдарын дамытуға қанша қаржы бөлінетінін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев отандық тауар өндірушілердің экспорттық жолдарын дамытуға қанша қаржы бөлінетінін атап өтті.

Министр отандық тауар өндірушілерінің экспорттық жолдарын және елдің транзитін батыс бағытта дамыту мақсатында Маңғыстау облысындағы «Боржақты-Ерсай» теміржол желісінің және Құрық портында кемежай кешенін салу бойынша жобалар іске асырылатынын атап өтті.

«Боржақты-Ерсай» теміржол желісінің құрылысы үшін Ұлттық қордан 2015 жылы 6,7 млрд. теңге, Құрық портында кемежай кешенінің құрылысына 2015 жылы - 4,8 млрд. теңге, 2016 жылы - 7 млрд. теңге бөлінетін болады»,- деді министр.

Оның айтуынша, бұл жобаларды іске асыру жөнелту айлақтарында жүктерді теңізбен тасымалдаудың өзіндік құнын едәуір азайтуға және Құрық кемежай кешеніне теміржол құрамдарын кедергісіз әкелуге жағдай туғызбақ.

«Нәтижесінде, Қазақстанда екі толыққанды теңіз айлағы пайда болады. 2020 жылға дейін Каспий теңізі айлақтары арқылы аударылатын жүктердің жалпы көлемі 25 млн. тоннаны құрайтын болады, оның ішінде Құрық кешені жылына 4 млн. тонна көлеміндегі жүкті аударуды қамтамасыз ететін болады», - деді ол.

Министр солтүстік-оңтүстік бағыты бойынша тасымалдау процесінің тиімділігін арттыру үшін құны 39 млрд. теңге шамасындағы Шу-Алматы учаскесінде тұтас екінші теміржолдардың құрылысын электрлендіре отырып жүзеге асыру көзделіп отырғанын айтты.

«Осы жобаны іске асыру үшін Ұлттық қордан 2015 жылы 8,3 млрд. теңге, 2016 жылы 19,4 млрд.теңге бөлінетін болады. Жобаның қалған бөлігі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады. Жобаны іске асыру жүктерді өткізу қабілетін жылына 30 млн. тоннадан 120 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы учаскедегі пойыздардың жол жүру уақыты шамамен 2 есеге азаяды», - деді министр.

Жалпы көліктік-логистикалық жобалар бойынша құрылыс кезеңінде уақытша құрылатын жұмыс орындарының саны 2,5 мыңнан астам және пайдалану уақытында 700 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Соңғы жаңалықтар