ҚР Ұлттық Банкі жүргізіліп жатқан валюталық интервенциялардың механизмін түсіндірді

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов қолданыстағы валюталық интервенцияның механизмін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңгенің айырбастау бағамына қатысты бірінші мәселе бойынша, еркін өзгермелі айырбастау бағамының қолданыстағы режимі сұраныс пен ұсыныс балансы арқылы нарықтық қағидаттар негізінде теңге бағамын қалыптастыруды білдіреді. Ұлттық Банк айырбастау бағамының белгілі бір деңгейіне қол жеткізу мақсатында валюталық интервенция жүргізбейді. Сауда-экономикалық өзара байланыстардың тығыз болуына қатысты теңге бағамын белгілеуде рубльдің ықпалы айқын байқалады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, Ресей Федерациясы – біздің негізгі сауда әріптесіміз, оның үлесіне 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық импорттың 42%-ы тиесілі», - деп жазды Ғалымжан Пірматов депутаттық сауалға берген жауабында.

Ұлттық банк төрағасы қазір болып жатқан геосаяси оқиғалар салдарынан Ресей рублінде бұрын-соңды болмаған құбылмалылық байқалғанын және мұның теңгеге қысым жасайтынын, Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы үшін сын-қатер тудырып отырғанын мойындады.

«Ұлттық Банк теңгенің Ресей рублімен ұқсас серпінін негізсіз және түбегейлі бекітілмеген деп санайды, өйткені біздің валютамыз үшін сыртқы және ішкі жағдайлар қазіргі Ресей валютасына ықпал ететін талаптарға мүлдем ұқсамайды. Осыған байланысты рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз әсер етуін төмендету мақсатында Ұлттық Банк «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңында көзделген валюталық интервенцияларды жүргізеді», - дейді Ғ. Пірматов.


Соңғы жаңалықтар