ҚР Ұлттық банкі ҰОС ардагері, «КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі» Қаман Қасенұлын 90 жас мерейтойымен құттықтайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының қатысушысы, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі Қаман Қасенов 9 мамырда өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді.

«Қаман Қасенұлы Қасенов екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Отанымызды фашистік басқыншылардан қорғауға белсене қатысты. 1942 жылғы шілдеде 18 жасында 300 әскерге шақырылушылармен бірге Қызыл тулы Амур өзен кемелері флотилиясының Хабаровск қаласында орналасқан әскери-теңіз флотының базасына келді, осы жерде ол бірінші класты зенит пулеметшісі болды. 1945 жылғы тамызда милитаристік Жапонияға қарсы операцияларға қатысты, ал 1946 - 1950 жылдары бронекатерлер отрядында қызмет етті. Ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Қаман Қасенұлы «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков Г.К.», «Кеңес Одағы флотының адмиралы Кузнецов», «Орыс флотына 300 жыл» медальдарымен марапатталған», - делінген хабарламада.

Қаман Қасенов әскерден қайтқаннан кейін 30 жылдан астам КСРО Мемлекеттік банкінің Республикалық кеңсесінде инкассатор, ревизор болып жұмыс істеді. Өзі құрамында болған инкассатор машинасына қарақшылық шабуыл жасалған кезде көрсеткен батылдығы мен шеберлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстан мемлекеті де ардагердің көп жылғы, адал және кәсіби еңбегін лайықты бағалады. Қаман Қасенұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен, «КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі» төс белгісімен марапатталды, ал оның аты КСРО Мемлекеттік банкі Республикалық кеңсесінің Құрмет кітабына енгізілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Ұлттық Банктің Ардагерлер кеңесі Қаман Қасенұлы Қасеновті айтулы күні - 90 жасқа толуымен құттықтап, ардагерге ұзақ ғұмыр тілейді.

Соңғы жаңалықтар