ҚР Ұлттық банкі төлем карточкалары бойынша операцияларға қызмет көрсетуге арналған банкаралық инфрақұрылым құрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсетуге арналған ұлттық (банкаралық) инфрақұрылымды құру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға кірісті. Баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл шаралар отандық төлем нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және жұмысының тиімділігін арттыру үшін қажет.

Іске асырылып отырған бастама қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялардың қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл жоба республика ішінде банкаралық есеп айырысуларды өткізуді оңтайландырып, Қазақстанда төлем карточкаларына қызмет көрсету шығындарын одан әрі төмендетуге септігін тигізбек. Осы бастама шеңберінде қазақстандық банктерге олардың карточкалық операцияларын өңдеу бойынша операциялық-клирингтік қызметтер көрсететін тәуелсіз төлем платформасы (жүйесі) іске қосылатын болады. Бұл ретте банктер мен олардың процессингтік орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру деңгейінде операцияларды өңдеу үшін банкаралық инфрақұрылым қалыптастырылады. Клиенттерге ел ішіндегі операцияларының үздіксіздігі мен аяқталуына кепілдік бере отырып, олардың өңделуіне және банктер арасында өтуіне арналған жаңа тетік енгізіледі. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде екінші деңгейдегі банктер үшін жүйе қызметтеріне тең қолжетімділікті («тең қашықтықта болу» қағидатын сақтау) қамтамасыз ететін әрі олардың арасындағы тиімді бәсекелестікті дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасалатын болады. Бұл жүйені «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК (ұлттық төлем жүйелерінің қазіргі операторы) базасында құру жоспарланып отыр. Банктердің жүйеге қатысуы еріктілік қағидатына негізделетін болады. Қажеттілік болған кезде екінші деңгейдегі банктер басқа банктердің клиенттеріне қызмет көрсету кезінде банкаралық төлемдер өткізудің қазіргі арналарына қоса резервтік алаң ретінде жаңа жүйе сервистерін пайдалана алады. Баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа жүйе келер жылдың 3-ші тоқсанында іске қосылады. 2015 жылдың соңына дейін жүйенің жұмыс істеу тәртібін және тетігін регламенттейтін қажетті нормативтік құқықтық құжаттарды әзірлеу және қабылдау жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар