ҚР Ұлттық банкі экономикадағы долларлану деңгейін төмендету жөніндегі шараларды атап өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі экономикадағы долларлану деңгейін төмендету жөніндегі шараларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Айта кетейік, Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп Қазақстан экономикасын долларландыру деңгейін төмендету жөніндегі 2015 - 2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеген болатын. Аталған жоспар Үкіметтің 2015 жылғы 17 ақпандағы мәжілісінде, Ұлттық Банк Басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы отырысында мақұлданды.

Жоспар үш негізгі стратегиялық бағытты қамтиды: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және көлеңкелі айналымды қысқарту, ұлттық валютаның шетел валютасынан басымдығын қамтамасыз ету.

«Бірінші бағыт бойынша, Жоспарда экономиканы әртараптандыру және өндірілетін тауарларда, жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі шаралар көзделген. Екінші бағыт бойынша, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту жөніндегі шаралар көзделген. Үшінші бағыт бойынша, халықтың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша кепілдік беру мөлшерін 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін ұлғайту, халықтың шетел валютасындағы депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін жылдық 3%-ға дейін төмендету, банктерге өтімділік беру және банк секторын сауықтыру, бағаны шетел валютасында (оның ішінде шартты бірліктермен) көрсетуге тыйым салуды белгілеу көзделген», делінген хабарламада. Мамандардың айтуынша, экономиканы долларландыру деңгейін төмендету - ұзақ үдеріс. Оны Үкімет пен Ұлттық Банктің ғана емес, экономиканың барлық субъектілерінің тұрақты әрі жоспарлы жұмысының нәтижесінде ғана табысты іске асыру мүмкін.

Соңғы жаңалықтар