ҚР Ұлттық банкі Біріккен Араб әмірлігінің Орталық банкімен келісімге қол қойды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-не жұмыс сапары аясында ҚР Ұлттық банкі Біріккен Араб әмірлігінің Орталық банкімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Маңызды құжатқа ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов пен БАӘ орталық банкінің төрағасы Мүбәрак Рәшид Әл Мансұри қол қойды. Меморандум ислам қаржылық жүйесін, қаржылық бақылау саласындағы екіжақты серіктестікті дамытуға бағытталған. Тараптардың ойынша, бұл келісім екі елдің қаржылық тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді.

БАӘ орталық банкінің төрағасы Мүбәрак Рәшид Әл Мансұри Қазақстанның қаржылық дамуы мен ислам қаржыландыру жүйесінің даму қарқынын жоғары бағалады.

«ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов өз кезегінде Дубайда өтіп жатқан 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысушыларды Қазақстандағы ислам қаржыландыру жүйесін дамыту жоспарымен таныстырып, ислам құнды қағаздар нарығының жай-күйінен хабардар етті», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР бас банкирі Малайзияның Орталық банкінің төрағасы Зети Ахтар Азизбен кездесті. Кездесу барысында қос тарап екі жақты тиімді қарым-қатынасты дамыту мен ислам қаржыландыру жүйесін ендіруде Малайзияның озық тәжірибесін талқылады.

Сонымен қатар, ҚР бас банкирі Қайрат Келімбетов Парсы шығанағының облигациялар мен сукук қауымдастығының мүшелерімен де жүздесті. Олар өз кезегінде Алматы қаласының қаржылық көшбасшы ретіндегі рөлін жоғары бағалап, Алматыда өздерінің бөлімшелерін ашуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Елбасы 10-Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысу үшін Дубайға келді. Аталған экономикалық шараға әлемнің жүз елінен екі мыңнан астам делегаттар қатысуда.

Соңғы жаңалықтар