ҚР Ұлттық Банк Төрағасы жұмыс сапарымен Вашингтонға барды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. КАЗИНФОРМ – 17-19 қазан аралығында АҚШ астанасында Ұлттық Банк басшысы Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзілік Банктің, шетелдік орталық және инвестициялық банктердің басшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізді.

Е. Досаевтың ХВҚ-ның жаңа директоры-басқарушысы К. Георгиевамен кездесуі өтті, кездесу барысында тараптар Қазақстан экономикасы үшін жаһандық макроэкономикалық ахуалға және әртүрлі ішкі және сыртқы факторлардың әсер ету жағдайларында сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылады.

Ұлттық Банк Төрағасы Кавказ және Орталық Азия елдерінің қаржы министрлері мен орталық банк басқарушыларының алқалы пікірталасына қатысты. Өз сөзінде Е.Досаев қатысушыларға Ұлттық банктің қайта ұйымдастырылуы және реттеушінің қадағалау қызметіне тәуекелдік-бағдарлы тәсілді енгізуі туралы айтты. Іс-шара аясында ХВҚ басшылығы Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдеріне арналған ХВҚ-ның болашақ Өңірлік техникалық қолдау орталығын оқшаулау үшін үміткер қалаларды қарастыру нәтижесінде таңдау Алматы қаласының еншісіне түскені туралы хабарлады.

Вашингтондағы сапары аясында Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев ЕҚҚДБ Президенті С. Чакрабартимен кездесу өткізіп, онымен республиканың халықаралық даму институтымен ынтымақтастығының түрлі аспектілерін талқылады. Сонымен қатар, Е.Досаев Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті С.Мюллермен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар макроэкономикалық саясат тақырыптарын қозғады, экономиканы несиелендіруді арттыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ ақша-несие және фискалдық саясатты жетілдіру мәселелерін талқылады. Ұлттық банк басшысы Қазақстанның халықаралық қаржы корпорациясымен ынтымақтастығын осы ұйымның басшысы Ф. Ле Уэрмен талқылады.

Сапар барысында Е. Досаев Mastercard Төрағасының орынбасары М. Фроманмен, VISA International мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі аға вице-президенті Д. Марантиспен келіссөздер жүргізді.

Өз кезегінде Ұлттық банк басшысы J. P. Morgan Chase International Басқарма Төрағасы Я. Френкельмен Қазақстанда J. P. Morgan филиалын ашу мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ Вашингтонда Е. Досаевтың Англия Банкі Төрағасының орынбасары С. Вудспен, Канада Банкі Төрағасының Бірінші орынбасары К. Уилкинспен, Citigroup Бас атқарушы директоры Д. Ливингстоумен және Нью-Йорк университетінің экономика және құқық профессоры, Англия банкінің бұрынғы басшысы М. Кингпен кездесулері өтті.

Соңғы жаңалықтар