ҚР ҰҚК Қазақстаннан Қытайға заңсыз шикізат тасымалдап келген қылмыстық топты құрықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұзақ уақыт бойы Қытайға құрамында алтыны бар кенді контрабандалық жолмен шығарумен айналысып келген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда қылмыстық топ құрамына Қазақстан мен ҚХР азаматтары кірген.

Құрамында алтыны бар кенді ауқымды түрде заңсыз өндіру және ұрлау Ақмола облысының Степногорск өңірінде орналасқан кен орнынан жүзеге асырылған. Шикізатты зерттеу және қайта өңдеу үшін арналған жасырын зертханалар жойылды.

Алтын құрамы жоғары (тоннасына 1 кг дейін) қазақстандық кен әртүрлі минералдардың (кварцит, пирит және басқалары) бүркемесімен жалған құжаттар бойынша шетелге шығарылған. Қылмыскерлер құрамында алтыны бар шикізаттың ай сайын шамамен 100 тоннасын шығарып отырған.

ҰҚК жүргізген арнайы операция барысында қылмыстық топ мүшелері құны 250 млн. теңгеден астам, салмағы 106 тоннадан артық контрабандалық жүктің кезекті партиясын немесе құрамында алтыны бар екі вагон кенді шығару кезінде, яғни қылмыс үстінде ұсталды.

2019 жылғы 20 маусымда Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты барлық 12 айыпталушыны ҚР ҚК 234 (экономикалық контрабанда) және 264 (трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру, оларға басшылық ету, сондай-ақ оларға қатысу) баптарымен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға соттады.

Бұрын 2019 жылғы сәуірде ҰҚК органдары трансұлттық топ жетекшілерінің бірі «Р» деген ҚХР азаматын Қырғыз Республикасынан экстрадициялаған болатын, ол сот үкімін күтуде.

null

Соңғы жаңалықтар