ҚР ҰҚК Атырау облысындағы шекара дауына қатысты мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзин Атырау облысының Көптоғай ауылы тұсындағы шекаралық қоршауға қатысты туындаған мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернетте айтылғандай, мемлекеттік шекара сызығы 70-90 жылдардағы картаға сай келеді. Келісімшарт 2005 жылы қол қойылып, ратификацияланған және тарихи қалыптасқан әкімшілік шекараны ескереді. Заңнамаға сәйкес, шекара қызметінің аталған учаскеде ені 100 метр болатын шекара жолағында қоршаудан инженерлік құрылыс жүргізуге құқы бар. Яғни, қоршау өткен жермен мемлекеттік шекара сызығы өтеді дегенді білдірмейді. Қоршау мемлекеттік шекара сызығынан 100 метр қашықта. 2008 жылы жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша орнатылған еді. Өйткені, малдың қарсы бетке өту жағдайы жиі болды және бұл мәселе екі тараптың өкілдерімен шешілетіндіктен, біршама қиындық тудырды. Ал бұл жолы 2009 жылы демаркация жүргізілгеннен кейін қоршаудың кесіп өтуін түзету қажет болды. Аумаққа қатысты қандай да шегініс жоқ», - деді ол таратылған видеода.

Оның атап өтуінше, 2008 жылы Көптоғай ауылының тұрғындары РФ аумағына малдары жайылып кетпеуі үшін қоршау тұрғызу туралы өтініш берген.

«Жергілікті тұрғындар Қиғаш өзені суатына шыға алады. Ол шамамен оңға қарай 150 метр ғана. Өзеннің ол тұсы тереңдеу және мал РФ аумағына өтіп кете алмайды. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың қалауы бойынша әкімдікпен суатқа қолайлы әрі ыңғайлы қол жеткізу мәселесін шешеміз. Қоршаудың өзін орнату - бұл жаңалық емес. Ол халықаралық тәжірибе саналады. Кез келген ел қоршау орнатуға құқылы. Негізінен ол шекара режимін, оның ішінде карантиндік режимді қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің шекара қоршауын уақытша алып тастауға қатысты көпжылдық тәжірибеміз бар. Оны киік, ақбөкен сынды жануарлардың маусымдық көші-қоны кезінде қолданамыз. Сондықтан бұл шешілетін мәселе», - деді Айдар Аймурзин.

Еске салайық, б иылғы 14 сәуірде Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Ресейдің Астрахан облысымен шекарасында жаңа шекаралық қоршау тұрғызыла бастаған болатын. Жұмыстарды ҚР ҰҚК әскери қызметшілері жүргізді.

Ал бүгін шекара қызметкерлері орнатқан бағаналарды қайта алып тастағаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар