ҚР Үкіметі АИ-80 маркалы бензинін импорттау мәселесін қарастыруда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі АИ-80 маркалы бензинін импорттау мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәжілісмендердің депутаттық сауалына берген жауабында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін мәжілісмендер көптеген жанар-жағармай бекеттерінде АИ-80 маркалы бензиннің жоқтығын алға тартқан болатын. Олардың айтуынша, бірқатар кәсіпорындар мен азаматтар АИ-80 маркалы бензинімен жұмыс істейтін көлік құралдарын, атап айтқанда, ЗИЛ, ГАЗ, УАЗ, ЗАЗ, ЕРАЗ, ИЖ маркалы көліктерді, мотоциклдер мен мотоарбаларды, қайық моторларын пайдаланады. АИ-80 маркалы бензинін еркін сатып алу мүмкіндігі болмаса, жоғарыда аталған көлік иелері АИ-92 бензинін сатып алуға мәжбүр болады. Ал бұл жоғары октанды бензинге сай отын жүйесі мен көлік құралдарының агрегаттарын қайта жабдықтауды қажет етіп, кәсіпорындар мен азаматтардың бюджеттік жағдайларына нұқсан келтіреді. Осы мәселеге байланысты «Халық коммунистері» фракциясы Үкіметке шара қабылдау қажет деп санайтындарын білдірген еді.

Бұл мәселеге Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауап берді.

«Қазіргі уақытта отандық мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ-дер) жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Ол жаңғырту жұмыстары бензиннің октандық көрсеткіштерін ұлғайту бойынша жаңа ірі тонналы технологиялық қондырғыларды пайдалануға беруді (изомерлеу, каталитикалық риформинг, олигомеризация), сондай-ақ жоғары октанды бензиндер компоненттерінің сапалы сипаттамаларын ескере отырып МӨЗ-дердің технологиялық схемаларын өзгертуді көздейді», - делінген жауапта. 

Осының нәтижесінде АИ-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы жоғары октанды бензиннің өндірісі ретке келтірілетін болады.

«Бұл ретте АИ-80 маркалы бензин тек Қазақстан Республикасының әлеуетті құрылымдары үшін, атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-нің арнайы тапсырысы бойынша өндірілетін болады. Ол ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысына сәйкес, ҚР Қарулы күштеріне мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай операторы болып табылады. Сонымен бірге, АИ-80 маркалы бензинге ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет қазіргі уақытта оны импорттау мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ бүгінгі таңда АИ-80 маркалы бензинге бөлшек сауда бағаларының деңгейі мемлекеттік реттеуге жататынын және литріне 89 теңгеден аспайтынын атап өтеміз. Осы мәселелер Үкіметтің бақылауында», - делінген жауапта. 

Соңғы жаңалықтар