ҚР ҰЭМ өнеркәсіпті жігерлендіру мақсатында бірқатар салықтық жеңілдік енгізбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда өнеркәсіпті жігерлендіру үшін Ұлттық экономика министрлігі салықтық жеңілдіктерді енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл жайлы Сенатта өткен «Салық саясаты мен салықтық әкімшілікті жетілдірудің концептуалдық мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы шеңберінде кәсіпорындарды өндірісті ұлғайтуға ынталандыру бойынша мынадай шаралар көзделген: инвестициялық салық несиесін енгізу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін инвестициялар бойынша шегін 2 есе төмендету, бір арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары арасында өндірілетін тауарларды өткізу бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының құрамбөліктерін өндіру үшін жеңілдікті салық салуды тарату, мақтаны қайта өңдеуге, қант, кондитерлік бұйымдар, ашытқы өндіруге есептелген ҚҚС сомасын 70 пайызға азайту», - деді Азамат Әмрин.

Департамент директорының айтуына қарағанда, бұл шаралар кәсіпорындарға табыстың бір бөлігін сақтап, қызметкерлердің санын арттыруға, олардың жалақысын арттырып, өндірісті материалдық-техникалық қайта жарақтандыруға, жаңа жабдықтар мен технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Өндірістің ұлғаюы тұтастай алғанда экспорттық әлеуетке оң әсер етеді.

«Жасанды интеллектті дамыту және кең жолақты интернетпен қамту өндірісті автоматтандыруды ынталандырады. Осылайша еңбек өнімділігінің өсімі қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты 5G байланыстың жаңа түрін құруға инвестициялар тарту мақсатында телекоммуникация саласы үшін жүктемені төмендету ұсынылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар