ҚР ҰЭМ-де желтоқсаннан бастап артық жұмыс үшін ақы төлене бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі осы жылдың желтоқсан айынан бастап қызметкерлеріне артық жұмыс үшін ақы төлей бастайды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен комиссия отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің кадрлық қызмет соңғы айларда артық жұмыстың пайда болу себебін анықтауға тырысты. Ең қызығы, жұмыс күні 100 пайыз аяқталған уақытта, яғни 18:30 кезінде айтарлықтай қарсылықты қызметкерлердің өзінен көрдік. Бізде қызметкерлердің 10 пайызы сағат 20:00 кезінде жаттығуға баруы немесе баланы алып кетуі керектігін айтады. Демек, сағат 18:30-да жұмыстан шығып кетуді өздері қаламайды», - дейді ҚР ҰЭМ адам ресурстарын дамыту бойынша департамент директоры Руслан Тұрғаналы.

Оның айтуына қарағанда, ведомствода жұмыстан тыс уақытта себепсіз қалу жағдайларына байланысты қызметкерлер түсінік жаза бастаған. Сонымен бірге, анықталғанындай, кейбір департаменттердің жұмысының өзі жұмыстан тыс уақытта қалуды талап ететіні белгілі болып шыққан.

«Біз қызметкерлерді көлікпен тасымалдау кестесін өзгерттік. Екіншіден, халықаралық ұйымдармен тікелей жұмыс істейтін кеңсеге және бірнеше департаментке, Премьер-Министр Кеңсесімен жұмыс атқаратын жобалық басқармаға кей жағдайда хаттар кешке түсіп жататыны анықталды», - дейді ол.

Ендігіде, министрліктегі мұндай қызметкерлерге артық жұмыс үшін ақы төленетіні уәде етілуде. Алайда, кей жағдайда ешқандай себепсіз жұмыстан шықпай отыратын қызметкерлердің де бары белгілі болған.

«Біз қаржыгерлермен сөйлестік. Менің ойымша, желтоқсан айынан бастап жұмыс уақытынан тыс еңбек ететін қызметкерлерге қосымша ақы төленеді. Қазіргі таңда кадрлық қызметкерлер белгілі бір қызметкердің неліктен 18:30-дан кейін жұмыстан отыратынын анықтап жатыр. Тіпті, бұл сұрақтар департаменттің басшыларына да қойылуда», - дейді Р.Тұрғаналы.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев мемлекеттік органдарда қызметкерлерге жұмыс уақытынан тыс артық жұмыс істету мәселесімен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзіне сенсек, министрліктерде компьютерлерді автоматты түрде өшіру тәртібі орнатылғанымен, бұл шара айтарлықтай көмектеспей жатқан көрінеді.

Соңғы жаңалықтар