ҚР СІМ жемқорлықпен күрес қызметінің сынына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ жауапты хатшысы Ермек Көшербаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан жасалған ескертпеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маусым айынан бастап талдау жүргізіп, соның нәтижесінде нақты шаруалар қолға алынды. Бүгінгі күні әр бөлімше басшысы өзіне берілген бөлімшенің бюджетіне жауап беріп, іс ұғынықты болу үшін ашықтықтың сақталуын қадағалайды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаменті, ҚР СІМ ШБ (Шаруашылық басқармасы - авт.) секілді қосалқы құрылымдар қазіргі таңда жұмысын қабылданған нормативтік-құқықтық құжаттарға сай бейімдеп жатыр. Біздің қызметкерлер көбінесе талдау, саяси, ақпараттық-анықтамалық жұмыстармен айналысады. Бүгінгі күні әрбір жетекшіге стратегиялық жоспарды, оның ішінде бюджеттің орындалуын ұстануы керектігін барынша жеткізуге тырысып жатырмыз», - деді жауапты хатшы бүгінгі отырыста.

Оның айтуынша, министрліктің шаруашылық басқармасында тексеру жүріп жатыр.

«Қазір біз ол бөлімшенің жұмысын барынша ашық қылуға тырысып жатырмыз. Бұл бағытта министрлікте жұмыс басталып кетті. Басты қағидаттар - жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ҚР СІМ ІТ-сәулетімен және Дипломатиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бағытында еңбектенуде. Аталған жұмыс 2019 жылы аяқталады. Барлық қажетті процедуралардан өту керек. Біздің қызметкерлер бүгінде «Зерде» холдингінің өкілдерімен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр», - деп түсіндірді ол.

Ермек Көшербаев өз сөзінде СІМ дәл қазір 19 қызметті көрсетіп отырғанын тілге тиек етті.

«Көп жағдайда СІМ Халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді жұмыс істейді. Бірақ, әкімші ретінде жеке өзі көрсететін СІМ-де мемлекеттік қызмет түрлері бар. Біз қазіргі таңда қағаз айналымынан толығымен бас тарта алмаймыз, себебі шетелдің бәрінде құжаттың электронды нұсқасын қабылдай бермейді. Өткен аптада Консулдық қызмет департаменті (КҚД) және «Зерде» холдингімен кездесу өткізіп, қағаз және электронды құжаттардың параллель айналымы мәселесін көтердік. КҚД міндеті - электронды құжаттарды өзара мойындау үшін шетелдік әріптестермен келіссөз жүргізу», - дейді ол.

Ермек Көшербаев ведомствоны ары қарай цифрландыру жұмысы жайын да ұмыт қалдырған жоқ.

«Өтініш беруші қызметті смартфон немесе компьютер арқылы ала алатындай дәрежеде ведомствоны цифрландырғымыз келеді. Бұл бағыттағы жұмыс аз уақытта атқарыла салмайтыны анық. Біз осы мәселені қызметтерді автоматтандыру бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында талқылаған болатынбыз», - деді Ермек Көшербаев.

Айта кетсек, бұдан бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет цифрландырудың баяу енгізілуіне қатысты ведомствоға ескертпе жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар