ҚР СІМ шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу үшін экожүйені дамытуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Инвестициялық капитал үшін халықаралық бәсекелестік күшеюде, дамушы экономикалардағы инвесторлардың сенімділігі жаһандық түрде төмендеуіне байланысты инвестициялар қозғалысының құбылмалылығы байқалуда. Бүгін шетелдік инвесторларды тарту үшін көптеген елдер инвестициялық заңнаманы жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жағдайда Қазақстан шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу моделін жетілдіруге ұмтылуда. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» әлемдік рейтингісінде 28-інші орынды иеленген еліміз инвестицияларды тарту және ұстау үшін шарттарды жүйелі түрде жақсартып келеді.

2018 жыл жақсы нәтижелер берді: тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8%-ға артып, 24,3 млрд. долларды құрады. Алайда әлемдегі жаңа үрдістерге жауап ретінде Қазақстанда инвестицияларды тарту және қолдау бойынша үш деңгейлі функционалды жүйе қалыптасуда.

Қазіргі кезеңде мемлекет инвестициялық ахуалдың көп жылдық тәжірибесін қайта қарап, инвесторларға қолдау көрсетуге арналған ішкі экожүйені дәйекті түрде қайта қалыптастырып дамытуда. Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге жаңа негіз беретін болады.

Осы жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы міндеттер мен өкілеттіктер берілді. Алғашқы күннен бастап СІМ өзіне жүктелген жұмысына бірден кірісіп, елдегі инвестициялық ахуалды жақсартатын бірқатар бизнес-үдерістердің бастамашысы болды, сондай-ақ осы үдеріске барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларды белсенді түрде тарта бастады.

Қазіргі таңда шет елдердегі мекемелер 650 жаңа компаниямен кездесулер өткізді. Іске асыру үшін жоғары әлеуеті бар 78 жоба қаралды. Жылдың басынан бері қазақстандық дипломаттар Германия, Франция, Қытай, Корея, БАӘ, Испания, Швейцария, Польша, Финляндия, Мысыр, Өзбекстан, Иордания және Зимбабвемен 13 ірі инвестициялық іс-шара өткізді.

Қазіргі уақытта СІМ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ негізінде инвесторларды барлық деңгейлерде сүйемелдеу бойынша барлық мүдделі ұйымдардың өзара іс-қимыл жасау үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік беретін ақпараттық-мониторингтік жүйе (CRM) ұйымдастырылды. Бұл жүйеде шет елдердің қатысуымен жалпы көлемі 40 млрд. АҚШ доллардан астам соманы құрайтын 174 жоба бар. Әрбір жоба бойынша егжей-тегжейлі жол карталары әзірленіп бекітілген.

СІМ-де инвестордың бүкіл жолы мұқият зерделенді: идеядан бастап, жобаны іске асыруға дейін, барлық кезеңдерден өту сценарий қалыптастырылды. Осының негізінде инвесторларды қолдаудың жаңа архитектурасы құрылды.

Жаңа құрылымды сыртқы деңгейде шет елдердегі мекемелер ұсынады, орталық деңгейде мемлекеттік органдар мен «Kazakh Invest» АҚ және басқа да ұлттық компаниялар өзара әрекеттеседі. Ал жергілікті атқарушы органдар мен «Kazakh Invest» АҚ-ның жергілікті өкілдіктері жүйені аймақтық деңгейде тұйықтайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының 2019 жылы 30 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әрбір салалы министрлікте, әкімдікте және ұлттық компанияда инвестициялық саясатқа және экспортты ілгерілетуге жеке жауап беретін, бірінші басшылардың жауапты орынбасарлары белгіленді.

Бұл өте маңызды, себебі барлық инвестициялық жобалар аймақтарда іске асырылуда және инвесторларға арналған қызметтердің басым бөлігін мемлекет сол жерлерде көрсетеді.

Оған қолдау ретінде, әлемнің үздік тәжірибелеріне сәйкес елімізде Тікелей шетелдік инвестициялардың қоры құрылды. Тұңғыш Президент - Елбасының шешімі бойынша Ұлттық қордан 370 млрд. теңгені құрайтын қаржы бөлінді. Бұл қор 50%-ға дейін тең қаржыландырылатын жобаларды тартудың және іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі болады.

Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін және инвестицияларды тарту бойынша жұмысты одан әрі жетілдіру үшін ҚР Үкіметі ұлттық деңгейде жұмысты үйлестірудің қосымша тетіктерін қабылдады.

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Инвестицияларды тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестицияларды тарту бойынша барлық маңызды шешімдер Кеңестің қарауына ұсынылатын болады.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы инвестицияларды тартудың өңірлік орталығы болады. АХҚО-ның алаңында инвесторлармен жұмыс істеудің бірыңғай экожүйесі құрылады. Бұл жүйеге «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін барлық даму институттары кіреді. Барлық даму институттары бір жерде шоғырланатын болады - бұл инвестицияларды тартумен айналысатын Инвестициялар жөніндегі комитет, «Kazakh Invest» АҚ, Тікелей инвестициялар қоры және басқа да ұйымдар.

Қазіргі таңда АХҚО-ның қызметін қамтамасыз ету үшін ерекше құқықтық режим бекітілді: Конституциялық заң қабылданды, инвесторлардың қызметі ағылшын заңымен реттеледі. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалды: тәуелсіз реттеу, соттың және Халықаралық арбитраж орталығының жұмысы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және шетелдік инвесторлардың құқықтық ыңғайлығын қамтамасыз етеді.

Қазақстандық дипломаттар инвестициялық капиталды тарту үшін құқықтық жағдайларды одан әрі жақсарту мүмкіндіктерін мұқият зерделеуде. Осылайша ЮНКТАД - БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясымен бірлесе отырып, ҚР СІМ инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы барлық үкіметаралық келісімдерді талдады, ал оның нәтижелерін Ұлттық экономика министрлігіне тапсырды.

ЮНКТАД сарапшыларының ұсынымдары негізінде Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инвестициялық келісімдерді одан әрі жетілдіру бойынша тұжырымдамалық көзқарастарды әзірлейтін болады.

Жалпы алғанда, ел басшысы қойған міндеттерге сәйкес СІМ ұлттық экономиканың толыққанды табыскері болмақ. Алайда, бұл белсенді жұмыстың бастамасы ғана. Қазақстанның экономикасына капитал тарту бойынша қол жеткізілген жетістіктер ҚР СІМ-нің одан арғы белсенді жұмысын күшейтетін болады. АХҚО ұстанымдарының нығайғаны және Инвестициялық саясат жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрылғаны СІМ-нің инвестициялық ахуалға және инвестициялық жобаларды ілгерілетуге ықпал ету мүмкіндіктерін айтарлықтай күшейтуде.

Соңғы жаңалықтар