ҚР СІМ мен Еуропалық бизнес қауымдастығы экономикалық дипломатияның дамуын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуропалық одақпен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту саясатын жалғастыруда. Бұл туралы бүгін, 12 маусымда  Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 140-тан астам халықаралық және еуропалық компанияларды біріктіретін Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығының (ҚЕБҚ) өкілдерімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметі.

 Кездесуге ҚЕБҚ президенті Аудрис Барцявичус, ҚЕБҚ атқарушы директорының міндетін атқарушы Анна Тер-Погосян, ҚЕБҚ басқарма мүшелері Ерлан Досымбеков, Гордон Хаскинс, «Deloitte», «Ernst and Young», «Siemens», «KPMG», «Nestle Food»-ті қоса алғанда Қазақстандағы бизнес қауымдастықтар мен компаниялардың басшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қ. Әбдірахманов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында осы жылы негізгі бірқатар міндеттерді қойғандығын атап өтті. Бұл индустрияландыру, ресурстық әлеуеттті одан әрі дамыту, «ақылды» ауыл шаруашылық кешенін және ақылды қалаларды дамыту, транзиттік-көліктік әлеуеттің тиімділігін арттыру, құрылыс саласында заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын қайта құру, ішкі туризмді жандандыру. Аталған барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор.

Экономикалық дипломатия маңыздылығының артуы тұрғысында Министрлік барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын сыртқы деңгейде үйлестіреді. Осы мақсатта шетелдік бизнес қауымдастықпен маңызды байланыстырушы рөлін атқаратын шетелдегі мекемелерді қоса алғанда сыртқы саяси ведомствосының толық әлеуеті қолданылды.

Қазақстанның Ұлттық инвестициялық стратегиясы инвестицияларды тартудың басым салаларын анықтады: тамақ өнеркәсібі, мұнай, газ және пайдалы қазбаларды терең қайта өңдеу (металлургия, химия және мұнайхимия), машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы салалары.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Президент жанындағы Шетелдік инвесторлардың кеңесі, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрі бастаған Инвестициялық омбудсмен институты жататын мемлекет пен инвесторлар арасында тікелей диалогты дамыту бойынша көп деңгейлі жүйе құрылды.

Қазақстан «қауымдастырылған қатысушысы» ретінде ЭЫДҰ Инвестициялық комитетінің мүшесі болып табылады және Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы ЭЫДҰ декларациясына қосылды. ЭЫДҰ стандарттары Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін мақсатты көрсеткіштер болып табылады

Қазақстанның ЕО елдерімен мемлекеттік деңгейде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге жәрдемдесетін күшті институционалдық желі жұмыс жасайтындығы атап өтілді.

Министр еуропалық компанияларды шетелдік серіктестермен жұмыс істеуде кең ауқымды өкілеттіктерге ие «Kazakh Invest», «Kazakh Export», «Kazakh Tourism» жаңа ұлттық компанияларымен белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Қ. Әбдірахманов атап өткендей, Еуропалық одақ Қазақстандағы ең ірі инвестор болып табылады. ҚР-дағы инвестициялардың жалпы көлемінің 49%-ы ЕО елдеріне тиесілі. 2017 жылы Қазақстанның жалпы тауар айналымынан ЕО үлесі 38,7%-ды құрады. Өткен жылдағы тауар айналымының шамамен 6 млрд долларға артуы оңды жағдай  болып табылады. Қазақстанда 5 мыңға жуық еуропалық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде.

2015 жылғы 21 желтоқсанда ынтымақтастықтың 29 саласын қамтитын және жаңа перспективалар ашатын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде Сыртқы істер министрлері деңгейінде Серіктестік кеңесі, жоғары лауазымды тұлғалар деңгейінде Сауда Конфигурациялау жөніндегі комитет, сондай-ақ Энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі кіші комитет және Кедендік мәселелер жөніндегі кіші комитет жұмыс атқарады. Бұдан басқа, екіжақты деңгейде еуропалық елдермен бірқатар салалық бағыттар бойынша 39 құрылым, оның ішінде 22 үкіметаралық комиссия, 4 кіші комиссия және 13 жұмыс топтары қызмет атқаруда.

Министр қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға табысты экспорттауды ілгерілету үшін, оның ішінде ЕО елдеріне халықаралық деңгейде мойындалған сапалы инфрақұрылымды құру үшін жүйелі және дәйекті жұмыс жүргізеді, яғни ұлттық өнімнің ЭЫДҰ елдері мен Еуропалық одақтың жоғары халықаралық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдайды. Қ. Әбдірахманов еуропалық бизнеске Еуропалық одаққа экспорттауда қойылатын талаптарға сәйкес елдер тізіміне Қазақстанды қосуға жәрдем көрсету туралы өтінішімен жүгінді.

Визалық саясат тиімді инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды факторларының бірі болып табылады. Қазақстандық дипломатияның кейбір күштері Қазақстан азаматтары үшін шет елдердің визалық режімін жеңілдетуге бағытталған. Осыған байланысты, Қайрат Әбдірахманов Қауымдастық алдында сөйлеген сөзінде ЕО-мен аталған мәселелер бойынша басталған келіссөздер нақты нәтижелер әкелетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қ. Әбдірахманов Еуразиялық экономикалық одақ Еуропалық одақ сияқты өз мүшелеріне тәуелсіз сауда-экономикалық саясатты жүргізу бойынша шектеу қоймайтынын атап өтті. «Бұл Қазақстанның Еуропадағы және керісінше экономикалық мүдделерін қорғау және ілгерілету мақсатында заманауи іргетасы ретінде болып қарастырылатын КСЫК-ға қол қою оның жарқын дәлелі болып табылады», - деді СІМ басшысы.

Қазақстандық дипломат ЕАЭО мен ЕО арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту талпынысы экономикалық тұрғыдан сенімді және прагматикалық болып табылатынын атап өтті. Мұндай ынтымақтастық бәріне пайдалы және бүкіл Еуразия құрлығы халықтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

«Қазіргі уақытта ынтымақтастықты орнату жаһандық экономика ұшыраған қиындықтар аясында әлдеқайда өзекті. Сонымен қатар маңызды болып табылатыны - біздің ынтымақтастығымыз саяси шиеленістің әлсіреуінің анықтаушы факторы мен құрлықтың экономикалық дамуының «локомотиві» болуы мүмкін», - деді Министр.

Экономикалық әлеуеті күшті екі интеграциялық бірлестіктер арасындағы белсенді ынтымақтастық ЕАЭО мен ЕО-ға мүше мемлекеттер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін жаһандық ауқымда нығайтуға мүмкіндік береді, өзара сауданың дамуына оң әсерін тигізеді, шаруашылық субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметінің шарттарын жеңілдетеді, туындаған даулы мәселелерді шешу үшін тұрақты диалог тетігін құруға мүмкіндік береді.

Өз сөзінде СІМ басшысы Қазақстанның ЕАЭО-дағы интеграциялық үдерістеріндегі ынтымақтастық перспективаларының пайда болуына назар аударды. Еуроодаққа кіретін мемлекеттердің экономикалары ЕАЭО-ны көбінесе толықтырып, ЕАЭО, ЕО, Белбеу мен Жол бастамасы секілді интеграциялық жобалар мен бастамалар арасындағы диалог орнату және өзара іс-қимылды нығайтуды көздейтін «Үлкен Еуразия» бірыңғай экономикалық кеңістік құру бойынша Мемлекет басшысының идеясы шеңберінде аймақтық әріптестіктің нақты перспективаларын туғызады. Бұл бастамалар Орталық Азияны 4,4 млрд  халқы бар Еуропа мен Азияның ең ірі нарықтары арасындағы стратегиялық көпір ретінде бейнелеу Қазақстанның талпынысына сай келеді.

Осыған байланысты Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқандығы атап өтілді. Соңғы онжылдықта Қазақстан көліктік инфрақұрылымға шамамен 30 млрд АҚШ долларын салып, ал 2020 жылға таман қосымша 8,4 млрд АҚШ долларын жаратуды жоспарлауда.

Ресей мен Батыстың санкциялық жекпе-жегі туралы еуропалық іскерлердің сұрағына сыртқы саяси ведомствоның басшысы ол бірінші кезекте бизнес пен қарапайым адамдар азап көретін барлық тараптар арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға кедергі екенін атап өтті. Ең жақын сауда серіктестік Ресей экономикасы ырғағының төмендеуі және Батыс бизнесіне қойылатын шектеулер Қазақстан экономикасына әсер етеді. Осыған орай, Қазақстан «санкция тілін» еңсеру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруда.

Қорытындылай келе, Министр Қауымдастықты «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы орталық іс-шара болатын, 2018 жылғы 3-5 шілдеде Астананың 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде жоспарланған «Астана қаржы күндері» бірқатар халықаралық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды. Сыртқы саяси ведомство басшысының айтуынша, «ЭКСПО» негізінде АХҚО-ның, «Жасыл» технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, IT-стартаптар халықаралық технопарктың ашылуы, басым бағыттар бойынша бірлескен бастамаларды іске асыру үшін жақсы мүмкіндік береді.

null

Соңғы жаңалықтар