ҚР СІМ Қырғызстанда жарақат алған қазақстандықтарды елге жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Республикалық санитарлық авиация орталығы Қырғызстанда жарақат алған екі қазақстандықты елге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың 23 қаңтарында Қырғызстандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің консулдық бөліміне қазақстандық әйел хабарласты және Бішкек қаласының маңында жарақат алған туысына көмек көрсетуді сұраған. Анықтай келе, екі қазақстандық Қырғызстанға достарының шақыруымен келгені анықталды. Олар төбешіктен сырғанап жүргенде, тюбингтен (үрмелі сырғанақ) жыраға құлаған. Ауыр жарақат алғандықтан, ауруханаға жеткізілген», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ҚР азаматтарының Бішкек травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында қажетті ем-дом алғанын хабарлады.

«ҚР СІМ күш салуымен науқастарды Қазақстанға тасымалдау мәселесі жедел шешілді. 2019 жылдың 30 қаңтарында Республикалық санитарлық авиация орталығының (РСАО) арнайы борты науқастарды Астанаға жеткізді. Біздің консул шекаралық бақылаудан, тексеруден кедергісіз өтуге және арнайы автокөліктердің барлық құжаттарын рәсімдеуге көмектесті», - деді ол.

РСАО-ның хабарлауынша, науқастар Астанадағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында ем алуды жалғастырады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына шет елдерде сақ болуға және төтенше жағдайда ҚР дипломатиялық өкілдіктеріне хабарласуға кеңес береді.

Айта кетейік, былтыр жазда Бішкек қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Скрябин мұздығының аумағында бір топ туристер тас көшкінінің астында қалып қойды. Онда Қазақстанның төрт азаматы зардап шекті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы тас көшкінінен бір қазақстандық азаматтың қаза тапқанын хабарлады.

31 шілде күні Қазақстан құтқару қызметінің тікұшағы зардап шеккендердің барлығын елге жеткізді.

Соңғы жаңалықтар