ҚР СІМ Италияда апатқа ұшыраған қазақстандықтар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италияда апатқа ұшыраған қазақстандық туристер елге арнайы ұшақпен қайтуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік өкілінің айтуынша, көлік апатынан зардап шеккен 2 қазақстандық әйел әлі де сондағы ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайына «орташа» деген баға беруде.

«Біздің Консулдық барлық көмекті көрсетіп жатыр. Азаматшалардың туған -туысқандары қасында. Кеше ғана италиялық дәрігерлердің қорытындысын алдық. Енді ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен арнайы ұшақ жіберу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Егер дәрігерлер екеуі де ұшақпен ұша алады десе, әуе жолымен алдырамыз» - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қалған жеңіл жарақат алған қазақстандық туристердің сапар мерзімі 26 мамырда аяқталуы тиіс болған.

«Олардың бәрі Қазақстанға аман-есен оралды деп үміттенеміз» - деді СІМ өкілі.

Еске сала кетейік, Италияда аударылған туристер мінген автобуста Қазақстанның 9 азаматы бар екенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар