ҚР СІМ Испанияда қазақстандықтың көмек ала алмауы туралы сынға жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Испаниядағы ҚР дипломатиялық өкілдігінің қазақстандық әйелге көмек көрсетуден бас тартуы туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Фейсбукте Гөзал есімді әйелдің Қазақстанның Испаниядағы дипломатиялық өкілдігіне көмек сұрап жүгінгені және консулдың демалыста болуы себепті көмек көрсетілмегені туралы мәлімдеме жасалды. Біз бұл ақпаратты мұқият тексердік», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Консулдық және коменданттық қызмет келтірген деректерге сәйкес, аталған әйелдің өтініші Мадрирдтегі елшілік пен Барселонадағы консулдықта тіркелмеген.

«Жарияланым жалпылама түрде жазылған уақыты, аты-жөні секілді нақты фактілер көрсетілмеген. Біздің дипломаттардың міндеттеріне сәйкес, ҚР азаматтарының шет елдегі құқықтарын қорғау бірінші кезекке қойылған. Олар ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүр, сондықтан тәулік бойы байланыста болу міндеттелген. Біздің дипломатиялық өкілдіктермен байланысц мәліметтері министрлік сайтында көрсетілген», - деп түсіндірді ол.

Ереже бойынша, ҚР азаматтары тап болған мәселе туралы ақпарат келісімен, комендант консулдық қызметкерге хабар береді және тез арада көмек көрсету үшін консулдардың ұялы телефон нөмірін жібереді. Күрделі жағдайларда консул оқиға орнына барып, құзырлы органдардан түсіндірме талап етеді.
«Мәселе шиеленісе түссе, біздің азаматтар немесе олардың туыстары +7 (7172) 72-01-11 нөміріндегі кезекші дипломатқа немесе [email protected] электронды мекенжайына жүгіне алады. Мереке күндері және жұмыс күндері 18:30-дан таңғы 9:00-ге дейін дипломаттар тәулік бойы кезекшілік етеді. Құжаттарды жоғалту және сөмкені ұрлату жағдайында «Қазақстан Республикасына қайту туралы куәлік» беріледі, туыстармен хабарласуға жағдай жасалады және қонақ үй мен жол жүру билеттерін алуда көмек көрсетіледі», - деді А. Смадияров.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Испаниядағы елшіліктен көмек ала алмаған қазақстандық әйел туралы жазба таралған болатын.

Соңғы жаңалықтар