ҚР СІМ: Еуропарламенттің Қазақстан бойынша қабылдаған қарарындағы мәліметтер түсінбестік тудырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Еуропалық парламенттің Қазақстан бойынша қабылдаған қарары түсінбестік тудыратынын айтады. Министрліктің мәліметінше, мұндай қарарларды Еуропалық Парламент халықаралық күн тәртібінің түрлі мәселелері бойынша айтарлықтай тұрақты түрде қабылдайтынын есте ұстаған жөн. Бұл жөнінде Айбек Смадияров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында атап өтті.

Айбек Смадияров Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған демократиялық реформаларды қолдайтынын алға тартады.

Осы себепті жаңа қарардың мәтінінде пайдаланылған мәліметтердің нақтылығына қатысты Қазақстанда түсінбестік туындады.

«Еуропарламенттің бірқатар мүшелері еліміздің дамуындағы өзекті үрдістерге қатысты оң пікірлеріне қарамастан, өздерінің партияларындағы ішкі тәртібіне сәйкес осы қарарды қабылдауға дауыс берді. Сонымен қатар объективті көзқарастағы бірқатар еуродепутаттар, атап айтқанда Максимиллиан Кра (Германия), Тьерри Мариани (Франция) және Татьяна Жданока (Латвия) Қазақстанды белсенді қорғады (олардың сөздерінің мәтіндері қоса берілген)», - дейді ол.

СІМ ресми өкілі Президент Қ.Тоқаев өзі жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2019 жылы кең ауқымды саяси реформаларға бастамашы болғанын жеткізді. Атап айтқанда, 2020 жылдың мамырында бейбіт жиналыстар, сайлау және саяси партиялар туралы жаңартылған заңдар қабылданып, адам құқықтары саласындағы қазақстандық заңнаманы халықаралық стандарттарға келтіру процесіндегі маңызды қадам болғанын жеткізді. Сондай-ақ, саяси реформаларды талқылау мен әзірлеуде маңызды рөл атқаратын, билік пен қоғамның коммуникациясының тиімді арнасына айналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі қоғамдық диалогтың дамуына маңызды серпін бергенін еске салды.


Соңғы жаңалықтар