ҚР СІМ елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады
2022 жылғы 6 қаңтар 17:13

ҚР СІМ елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі елде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Маңғыстау облысында басталған митингтерде тұрғындар сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен шықты. Осыған жауап ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет оларды төмендету бойынша шұғыл шаралар қолданып, әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарлары, жанармайдың және коммуналды қызметтердің бағаларының өсуіне мораторий жариялады.

Наразылық шараларының бірінші күндерінде қамалғандардың бәрі босатылды. Дегенімен, басқа ірі қалалардағы шерулер жаппай тәртіпсіздіктер мен билік органдарына шабуылға әкеліп соқты.

Оның үстіне Алматыдағы оқиғалар – әкімшілік және әскери нысандарға шабуылдар, әуежайды басып алу және шетелдік жолаушы және жүк ұшақтарының ұсталуы шабуыл жасаушылардың іс-әрекеттерінің жоғары деңгейде дайындалғанын және үйлестіргенін айғақтайды. Талдау көрсеткендей, Қазақстан шетелде дайындықтан өткен террористік топтардың қарулы басып кіруіне тап болды.

Жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметіне кірісіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге терроризмге қарсы операция жүргізуге әскери көмек көрсету туралы өтініш білдірді.

Жарияланған төтенше жағдай қоғамдық қауіпсіздікті және заңдылықты сақтауға бағытталған шаралар кешенін қамтиды. Құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының қарулы Күштері кез келген заңсыз әрекеттердің жолын кесуге уәкілетті.

Сонымен қатар, мемлекет көпұлтты және көпконфессиялы халқымыздың барлық өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін және дипломатиялық корпус пен журналистерді қоса алғанда еліміздегі шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады. Шетелдік инвестициялар мен шетелдік компаниялардың бизнесіне қорғау беріледі.

Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға және ҚР Президенті Қ. Токаев жүзеге асырып келе жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы реформалар курсының жалғасуына мүдделі.

«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша халықаралық серіктестерімен ұдайы байланыста»,-делінген хабарламада.


Jańalyqtar

MURAǴAT