ҚР СІМ-де ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастық талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінде ядролық қарудан азат аймақтар арасында ынтымақтастықты нығайтуға арналған семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасымен (UNODA) бірлесіп ұйымдастырылған шараға ядролық қарудан азат барлық аймақтар (ЯҚАА), қызығушылық танытқан халықаралық және өңірлік ұйымдар, бақылаушы мемлекеттер өкілдері қатысты.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат аймақтар арасында диалог қалыптастыру бастамасын ілгерілетудегі рөлін және Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қарусыздану жөніндегі күн тәртібін іске асыруға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық қауіпсіздік үшін жаһандық қауіп-қатерлердің көбеюі жағдайында ЯҚАА қатысушы-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.

Осы ретте ол Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде ядролық қарудан азат әлем құру мақсатында одан ада аймақтарды нығайтуды және олардың географиясын кеңейтуді қолдап келгендігін атап өтті.

Семинар жұмысына ядролық қарудан азат аймақтар, олардың арасында Африкақ (Пелиндаба келісімі), Латын Америка (Тлателолько келісімі), Оңтүстік-Тынық мұхит (Раротонга келісімі), Орталық Азия (Семей келісімі) және Оңтүстік-Шығыс Азия (Бангкок келісімі) өңірлерінің өкілдері қатысты.

«Іс-шара Семей ядролық сынақ алаңының жабылуының тарихи күні болып табылатын 29 тамызда, әлемдік деңгейде аталып өтетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күніне орайластырылған. Қазақстанның өз аумағында осындай іс-шараны ұйымдастыру туралы шешімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасына негізделеді. Ол еліміздің аталған іс-шараны жүзеге асыру ниеті туралы 2017 жылғы 29 тамызда, АЭХА Төмен байытылған уран банкі ғимаратының ашылу рәсімінде жариялаған болатын.

Семинарға қатысушылар, бұған дейін құрылған және жаңадан пайда болатын зоналар арасындағы ұзақ мерзімді саяси ынтымақтастықтың нақты механизмдерін қалыптастыру мақсатында, ядролық қарудан азат аймақтарды институционализациялаудың бірлескен жоспарларын талқылауды жоспарлап отыр», - делінген СІМ ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар