ҚР СІМ-де Қазақстанға Ауғанстанмен ынтымақтастығына жәрдемдесу жобасы пысықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстанға дамуға ресми көмек (ДРК) саласында Ауғанстанмен ынтымақтастығына жәрдемдесу» жобасын басқару Комитетінің II отырысы өтті. Жобаны Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы БҰҰ Даму Бағдарламасымен (БҰҰДБ) және Жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) әріптестікте іске асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ-ге сілтеме жасап.

Жобаны іске асыру туралы уағдаластық ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы бірлескен мәлімдемесінде бекітілген болатын.

Іс-шарада ҚР СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры - жобаның ұлттық үйлестірушісі Олжас Исабеков, Ауғанстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кадам Шах Шахим, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Жапон Елшілігінің дипломаттары және еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинарға арнайы қатысу үшін JICA-ның Токиодағы штаб-пәтерінің сарапшылары, сондай-ақ Жапон агенттігінің Бішкектегі өңірлік кеңсесінің өкілдері келді.

О.Исабеков қатысушыларды елімізде дамуға ресми көмек (ДРК) ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар турасында хабардар етті. ДРК саласындағы қазақстандық пилоттық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша Қазақстанның халықаралық әріптестермен, соның ішінде JICA, БҰҰДБ-мен жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылы ерекше атап өтілді.

null 

Отырыс аясында БҰҰДБ өкілдігінің жоба менеджері Геннадий Рау аталған жобаны іске асыру барысындағы 2017 жылы орындалған жұмыс жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар ол 2018 жылдың 30 наурызы - 12 сәуірі аралығында Астана қаласында Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарына арналған Ана және бала денсаулығын сақтау семинарын өткізуді көздейтін жұмыс жоспарымен таныстырды.

БҰҰДБ өкілі Ауғанстанның 30-дан аса қоғамдық денсаулық сақтау өкілдерінің қатысуы жоспарланған семинардың «Назарбаев Университеті» негізінде өтетіні туралы хабарлады. Оның бағдарламасы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы «Назарбаев Университеті» Медицина мектебінің, Астана ұлттық лабораториясының және Ана мен бала орталығы жетекші мамандарының дәрістері мен семинарларын қамтиды.

Жалпы, бұл жобаның бірегейлігі - мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында ауған мамандарының әлеуетін арттырумен қоса, еліміздің мемлекеттік органдары өкілдерінің ДРК саласындағы сарапшылық әлеуетін дамыту болып табылады. Бұған дейін аталған жоба аясында Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің Душанбе, Бішкек және Токиоға таныстыру сапарлары ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

null 

Соңғы жаңалықтар