ҚР СІМ басшысы Түркі кеңесінің Бас хатшысымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК, Түркі кеңесі) Бас хатшысы Бағдад Әміреев ресми сапармен Қазақстанға келді. Бұл Б.Әмреевтің биылғы 3 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) өткен ТМЫК-тың 6-шы Саммитіндегі тағайындалуынан кейін қазақ жеріне алғашқы сапары, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов пен Б.Әмреевтің кездесуі барысында Қазақстан және Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жеке түркітілдес елдердің арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне аса зор маңыз берілетіні атап өтілді.

«Өткен 6-шы ТМЫК Саммиті барысында Мемлекет басшысы Түркі кеңесіндегі ынтымақтастық шеңберінде нақты мақсаттар мен міндеттерді анықтады. Осыған байланысты, Түркі кеңесінің Хатшылығы ұйымның барлық мүше мемлекеттерінің мүдделерін назарға ала отырып, оларды іске асыруын бастау қажет. Қазақстандық тараптың ерекше назарында Түркі кеңесін және түркі институттарын реформалау мәселелері болады. Хатшылықтан үлкен және жемісті жұмысты күтеміз және өз тарапымыздан Түркі кеңесінің Хатшылығына толықтай қолдау көрсетуге әзірлігімізді құптаймыз», - деді министр.

Б. Әміреев Түркі кеңесінің ағымдағы қызметі мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы хабарлады. Бас хатшы Түркі кеңесінің мүше мемлекеттерімен өткізіліп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.

Түркі кеңесінің 6-шы Саммиті барысында Елбасы көлік саласында ынтымақтастықты дамыту мәселесін жандандыруды, атап айтқанда тарифтік саясатты оңтайландыруды және Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік тасымалдау жағдайын дамытуды, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы алаңын белсенді түрде қолдануды шақырды. Сондай-ақ «Заманауи Жібек жолы» туристік жобасын жылжыту шеңберінде Қазақстанда қаржылық тұрғыдан тартымды және бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар өтізуді, жастар саясаты мен мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты белсенді дамытуды ұсынды. Қазақстан Президенті Түркі әлемінің бай мәдени және тарихи мұрасын атап өтіп, «Түркі әлемінің киелі жерлері» және «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» атты жобаларды мүше мемлекеттермен бірлесіп жүзеге асыруды ұсынды.

Айта кетейік, Түркі кеңесі Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Қазіргі таңда Түркі кеңесінің мүше мемлекеттері ретінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып табылады. Қырғызстандағы Түркі кеңесінің 6-шы Саммиті барысында Мажарстан Түркі кеңесі жанында бақылаушы мәртебеге ие болды. Ұйымның бас-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар