ҚР СІМ басшысы Каспий маңы мемлекеттерінің Саммиті туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Каспий маңы мемлекеттері Саммитінің талқыланар тақырыбы туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Каспий маңы мемлекеттері Саммиті туралы айтар болсам, бұл жерде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдауға байланысты болып отыр. Ол - Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан, Иран арасындағы бесжақты құжат. Біз Сыртқы істер министрлерінің өткен жылдың желтоқсанында Мәскеуде өткен кеңесінде осы конвенцияның алдын ала мәтінін келісіп алған болатынбыз. Қазір техникалық жұмыс туралы сөз қозғалып отыр», - дейді министр Парламент Сенатының отырысынан кейінгі тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық тарап бойынша мемлекетішілік процедуралар аяқталуға жақын. Содан кейін Саммиттің нақты қай уақытта болатыны жарияланады.

«Бірақ, бұл процеударалар айтарлықтай уақытқа, бірнеше айға созылуы мүмкін. Сондықтан, саммит туралы айтар болсақ, осы жылдың екінші жартысы туралы сөз қозғауымыз керек», - дейді ол.

Бұдан бұрын «Каспий бестігінің» - Ресей, Әзербайжан, Иран, Қазақстан мен Түрікменстан елдерінің Сыртқы істер министрлері Мәскеуде кездесіп, Каспий теңізіне құқықтық мәртебе беру мәселесін талқылаған болатын.

Соңғы жаңалықтар