ҚР СІМ басшысы Елбасының қатысуымен өткен алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша аппараттық жиналыс өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бүгін сыртқы саясат ведомствосының басшылығымен аппарат жиналысын өткізді, онда 2016 жылдың 3 ақпанында ҚР СІМ-нің кеңейтілген алқа мәжілісінде Елбасының берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды.

ҚР СІМ және Қазақстанның шетелдегі мекемелері қызметінің сыртқы экономикалық бағытын күшейту арқылы сыртқы саясатты экономизациялау алқа мәжілісінің басты тақырыбы болды. Осыған байланысты Е. Ыдырысов ведомство қызметкерлерін Президент жүктеген міндеттерге сәйкес жұмыстың тиімділігін және жеделдігін арттыруға бағыттады.

«Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі қалыптасқан экономикалық жағдай ең алдымен «экономикалық дипломатиядан» әдістерді жетілдіруді және оның құрал жиынтығын кеңейтуді талап ететіндігін атап өтті. Бүгінгі таңда сыртқы саясат ведомствосы қызметінің басты бағыты шетел инвестицияларын тарту, индустриялық-инновациялық жобаларды, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға атсалысу болып табылады. ҚР СІМ Қазақстанның халықаралық беделін бірізді нығайтуға және басқа мемлекеттермен екіжақты ықпалдастықты дамытуға, елдің сыртқы саясат пен сыртқы экономикалық мүдделерін ілгерілету үшін бар күшін салады», - деп атап өтті Е. Ыдырысов.

Министрдің айтуына қарағанда, жаһандық дағдарыс кезінде қазақстандық дипломаттардың күнделікті жұмысындағы негізгі бағдар көздеген мақсатқа жету үшін пайдаланылатын күштер мен қаржыларды «оңтайландыру» ұғымы болуы тиіс. Осыған байланысты СІМ-нің шетелдегі мекемелеріне экономикалық бөлімдердің жұмыстарын күшейту жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асыру және олардың мүдделі мемлекеттік органдармен және қазақстандық компаниялармен өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттыру міндеттелді.

Жиында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды бұдан әрі қарай қарқындандыру мүмкіндігі талқыланды.

Министр «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын халықаралық қауымдастық Қазақстанның эволюциялық дамуға және жаһандық қарым-қатынастар жүйесіне ықпалдастыққа бейінділігі жөніндегі маңызды саяси «месседж» ретінде қабылдағанын атап өтті.

Ол «2050 - стратегиясын», «Мәңгілік Ел» бастамасын, еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында ҚР СІМ жұмысының негізгі бағыты еліміздің ішкі экономикалық және әлеуметтік жаңғыруы үшін сыртқы қолайлы жағдайлар жасау, халықаралық аренада ұлттық мүддені қорғау болып табылатындығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар