ҚР СІМ басшысы Е.Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж.Керримен телефон арқылы сұхбаттасты

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - АҚШ-қа сапары қорытындысына орай ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керримен телефон арқылы сұхбаттасты.

Еске салсақ, Дж.Керридің әйелінің денсаулығының күрт нашарлауына байланысты, АҚШ Мемлекеттік хатшысы ауруханада жатқан әйелі Тереза Хейнз Керридің жанында Бостонда болғандығы белгілі еді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Әңгіме барысында Мемлекеттік хатшы Дж. Керри Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға, ауған ұлттық қауіпсіздік күштерін қолдауға қосқан үлесі үшін алғысын білдіре отырып, Қазақстанның ауған елінің әлеуметтік және экономикалық қалпына келтіруге қатысты жәрдемін атап өтті. Ол сонымен қатар Қазақстанның аймақтағы көшбасшылығын жоғары бағалады. Бұдан бөлек, әңгіме барысында Қазақстанның ядролық қарусызданудағы рөлін баса атай отырып, Дж.Керри Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі халықаралық келіссөздердің екі раундын Алматыда ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуі жөніндегі тұжырымдамасының мақұлданғаны және оны іске асыру жөніндегі қолға алынған шаралар туралы ақпаратты қызығушылықпен қабыл алды. Экономикалық мүмкіндіктер перспективаларын атай отырып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы осы саладағы, әсіресе ғылыми-техникалық бағытындағы, бірлескен жұмысқа үміт артты.

Өз кезегінде Е.Ыдырысов американдық саясаткерді еліміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясындағы Елбасы атап көрсеткен мақсаттар мен міндеттер туралы хабардар етті. Ел басшылығы қабыл алған бағдарламалардың негізгі мақсаты - халықтың әл-ауқатын жақсарту екендігі атап өтілді.

Тараптар сонымен бірге сапар барысында өткен Стратегиялық әріптестік комиссиясының екінші отырысын жоғары бағалады. Комиссия отырысы барысында екі ел азаматтарына мерзімі 5 жылға дейінгі визаларды өзара беру туралы уағдаластықты күшіне енгізу мақсатында ноталар алмасу рәсімі өткен еді. Бұл шара ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап іске асырылатын болады және азаматтардың іскери, ғылыми-мәдениеттік, білім, спорт, академиялық, туристік және басқа да мақсаттардағы өзара сапарларының едәуір дамуына септігін тигізеді.

Әңгіме барысында, Қазақстан мен АҚШ арасындағы барлық салалардағы қатынастардың табысты дамуына ықпал ететін ерекше серіктестік рухын баса атай отырып, екі ел сыртқы саяси басшылары тығыз байланысты тереңдетуге келісті.

Соңғы жаңалықтар