ҚР СІМ АҚШ Мемдепартаментінің Астана процесіне қатысты сынына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің Астана процесіне қатысты сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана процесі өз мандатын толықтай ақтап отыр деп есептейміз. Біріншіден, Астана платформасында құрылған Сириядағы деэскалация аймағы жергілікті жерлердегі ахуалды тұрақтандыру ісінде өз тиімділігін көрсетті. Үш аймақ, атап айтқанда Шығыс Гута, Хамсаның солтүстік ауданы, сонымен қатар Сирияның оңтүстігі толықтай бейбіт өмірге оралды. Қазіргі уақытта Идлибтегі ахуалды тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта кепілгер елдер тығыз өзара іс-қимылды жолға қойған», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, екіншіден, Астана процесінің бұл жолғы кезеңінде қарсыласушы тараптардың арасындағы сенім шараларын нығайтуға, тұтқындарды алмасуға басымдық берді. Мәселен, Астана процесінің аясында өткен тұтқындарды алмасу және із-түссіз жоғалғандарды іздеу жөніндегі жұмыс тобының 6-шы отырысы барысындағы келіссөздерде тұтқындарды алмасудың жаңа уағдаластығының түрлі нұсқалары қаралды.

«Үшіншіден, Сириядағы босқындардың қауіпсіз және өз еріктерімен оралуы, тұрғылықты жерлерінде еркін қоныс аударулары үшін жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Конституциялық комиссия құру мәселесіне келер болсақ, онда біз бұл мәселенің Сириядағы саяси процесс кезеңіне қатысты екендігін нақты түсінеміз. Бастапқыда Астана процесінің міндеті соғыс іс-қимылдарын тоқтату режімін қамтамасыз ету болды. Бұл жұмыс аяқталуға жақын. Конституциялық комиссияны іске қосуды қоса алғанда, Сирия проблемасын реттеудің саяси аспектілерін талқылау БҰҰ қамқорлығымен өтетін Женевадағы келіссөздердің айрықша құзіретіне жатады»,-  деді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар