ҚР Шаңғы федерациясы: Полторанин байланысқа шықпай отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық шаңғы федерациясынан ҚР Ұлттық шаңғы жарысының Ұлттық федерациясы атына Алексей Полторанинге қатысты ресми жауап келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық ұйымның ресми хабарламасында Алексей Полтораниннің допинг дауына байланысты 1 наурыздан бастап барлық жарыстардан шеттетілгені туралы жазылған.

«Біз өкінішке орай, халықаралық ұйымнан ресми хабарлама алғанымызды растаймыз. Құжатта Халықаралық шаңғы федерациясының позициясы айтылған. Алексей көп нәрселерге жауап бермей, мәселелерді ашық күйінде қалдыруда. Ол ҚР шаңғы жарысының Ұлттық федерациясы бас хатшысы мен ҚР консулымен кездеспей қойды. Және қамаудан босатылғаннан кейін байланысқа шықпай, даулы мәселеге қатысты пікір білдірмей отыр. Қазіргі кездегі біздің мақсатымыз чемпионатқа қатысып жатқан басқа спортшыларға қолдау білдіру», - деді ҚР шаңғы жарысы Ұлттық федерациясының баспасөз хатшысы Самал Наурызова.

Еске сала кетсек, Австрияның Зеефельде қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алексей Полторанин жарыс жолына шықпай қалды.

Неміс журналисі Хайо Зеппельт Туиттердегі аккаунтында «шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Австрия және Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деп күдікке ілінгенін» жазды. Аталмыш оқиғаға қатысты Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев «Мен Алексейдің таза спортшы екеніне сенімдімін» деген болатын.

Сондай-ақ, Австрияда Алексей Полторанин қамаудан босатылғаны және Шаңғы федерациясы Алексей Полторанинге қандай жаза тағайындайтынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар