ҚР Сенатының төрағасы Санкт-Петербургте бірқатар екіжақты кездесу өткізді

None
None
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Әзербайжан Милли Меджлисінің төрағасы Октай Сабироғлы Асадовпен әңгіме барысында Каспий конвенциясын ратификациялаудың маңыздылығы атап өтілді. Д. Назарбаеваның пікірінше, ол Каспиймаңы елдері арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін береді, сондай-ақ Каспий аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қызмет ететін болады. Тараптар талқыланатын мәселелерге қатысты көзқарастарының ортақтығын атап өтіп, өзара іс-қимылдың барлық салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Дастан Жұмабековпен кездесу барысында тараптар парламентаралық байланыстардың маңызды бөлігі болып табылатын екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуді қуаттайтынын айтты. Шекарамаңы ынтымақтастығы, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды, туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Сенатының басшысы осыған орай «Орталық Азия шенгені» өңірдің туристік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Д.Назарбаева сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту үшін үкіметаралық комиссия құруды ұсынды. Тараптар заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін парламенттік достық топтарының әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Сенат басшысы сұхбаттастарын еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалар туралы хабардар етіп, Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының толық сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті. Қазақстан Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауы туралы айта келіп, «парламентшілер заң шығарушы билік өкілдері ретінде сайлау алдындағы науқанды заңның рухы мен әрпіне толық сәйкес өткізуге, сондай-ақ сайлаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ниеттеніп отырғанын» жеткізді.

Автор: Медет Ахметов

Соңғы жаңалықтар