ҚР Президенттігіне кандидаттар арасындағы теледебат қандай форматта өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттар арасындағы телевизиялық пікірталас тікелей эфир не жазбаша өтетіндігі алдағы уақытта анықталады. Бұл туралы бүгін «Хабар» агенттігі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Телевизиялық пікірталас пен пікірсайыс тікелей эфир немесе жазбаша өтетіндігі дәл қазіргі уақытта талқылануда. Мен қазір осы жиналыстан шығып, осы пікірталас пен пікірсайысты өткізетін жұмыс тобының отырысына барамын. Сол жерде талқыланады. Содан кейін біз пікірталас пен пікірсайысқа дейін бұған қатысты пікірімізді білдіретін боламыз», - деді ол Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Осы ретте Ринат Кертаев «Хабар» агенттігінің көптеген халықаралық шараны, қоғамдық-саяси шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар екенін айтты.

«Сонымен қатар осыған дейін еліміздің тарихында болған бірнеше пікірталасты өткізді. Аталған шараларға қатысқан тәжірибелі, кәсіби мамандарымыз да бар. Сол мамандармен ақылдаса келе тиімді ұсыныс береміз», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР ОСК Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірталастар мен пікірсайыстар өткізу туралы қаулыны қабылады. Оған сәйкес телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстар 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында «Хабар» агенттігі АҚ-ның телевизиялық арнасы эфирінде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар