ҚР Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы мен Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы марапатталды

None
КАИР. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Мысырдағы Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Бұл туралы Президент тапсырмасы бойынша Мысырда Бейбарыс сұлтан мешітінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Мысыр елі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Сондай-ақ екі халық арасындағы мәдени-рухани байланыстың аясын кеңейту жолында белсенділігімен танылған Мысырдың басқа да бірқатар дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық пен сенімге негізделген дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толғанына тоқталды. Сонымен қатар өзара ынтымақтастықтың нығаюына, бірінші кезекте, екі елдің мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі байланысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.

«Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Мысыр Араб Республикасымен байланыс жаңа деңгейде дамыды. Осы жылдар ішінде өзара ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі салада ауқымды жұмыс атқарылды. Әсіресе, мәдени-рухани бағытта бірқатар бірлескен жобаларды сәтті іске асырдық. Соның жарқын бір мысалы ретінде Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетін айтуға болады. Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі де осындай бірлескен жұмыстың игі нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси мешіттің жөнделуіне ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұл орын біздің халықтарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.

Сондай ақ, Мәулен Әшімбаев Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде тараптар конфессияаралық диалогті дамытудың маңызды мәселелері мен перспективаларын талқылады. Палата Спикері Қазақстан мен Әл-Азһарды ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан қарым-қатынас пен әлемде бейбітшілікті дәріптеу жолындағы ортақ идеялар байланыстыратынын айтты. Осы ретте шейх Ахмед ат-Тайеб былтыр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне белсенді қатысқанын атап өткен жөн.

«Әл-Азһар әлемнің рухани дамуында маңызды рөл атқарады. Сіз бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған жаһандық деңгейдегі бастамаларға белсенді қатысып келесіз. Осы ретте Қазақстан дінаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуыңыз біз үшін үлкен қолдау болды. Аталған Форумның қорытындысы бойынша Декларация қабылданғаны белгілі. Бүгінде сол Құжаттағы идеяларды іске асырып, дәріптеу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы екі елдің тығыз байланысындағы маңызды бағыттардың тағы бірі теологиялық білім екенін тілге тиек етті. Бұл ретте қазақстандық дінтанушылардың ұзақ жылдар бойы Әл-Азһар университетінде білім алып, өз біліктіліктерін арттырып келе жатқанын айтқан абзал.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разекпен де кездесті. Кездесуде ол Мысыр Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта біздің ел көпжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сенат Спикері өзара ынтымақтастықты арттыру жолында парламентаралық байланыстың рөлі маңызды екенін айтты.

«Соңғы жылдарда біздің елдеріміздің мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан мен Мысыр арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Осы орайда парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігі болып саналады. Біз Парламенттеріміздегі достық топтарының жұмысын жандандыруға мүдделіміз. Осы ретте біздің депутаттарымыздың маңызды мәселелерге қатысты халықаралық ұйымдар алаңындағы ұстанымдары көбіне сәйкес келіп жататынын атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, сұхбат кезінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде демократиялық үдерістерді нығайту үшін кешенді және жүйелі жаңғыртулар жүргізіліп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар