ҚР Президентінің Телерадиокешені ұжымы республикалық экологиялық акцияға қатысты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұжымы «Бірге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Телерадиокешен қызметкерлері, оның ішінде QAZAQ TV мен «ҚазАқпарат» агенттігінің ұжымы көшет егу акциясына үлес қосты.

Осы орайда елордадағы Hilton қонақүйі мен Конгресс орталық маңында 200-ге жуық емен және үйеңкі ағашы отырғызылды.

«Астана-Көгалдандыру» кәсіпорны мәліметінше, бұл ағаштар қала маңындағы тәлімбақтардан жеткізілді. Бүгін сенбілікте отырғызылған ағаштардың жасы шамамен 18-19 жыл. Тәлімбақтағы осы ағаштар арнайы техника арқылы тамырымен алынып, шаһардағы саябақтарға жеткізіледі. Емен және үйеңкі ағаштары ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан көгалдандыру мамандары жыл бойы көшеттердің өсіп-өнуін арнайы талаптар бойынша қадағалайды.

ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаевтің айтуынша, отырғызылған аллея серуендеу үшін тамаша орын болмақ.

«Бүгін Орталық аппарат қызметкерлері Президент Телерадиокешенінің ұжымымен бірігіп, елорданың Ақмешіт көшесіне аллея отырғызды. Әкімдіктің бізге бөліп берген учаскеде енді 61 емен ағашы өседі. Аллея сол жағалаудың қозғалысы көп бөлігінде орналасқан және оның бойымен күнделікті жүздеген адам серуендейді», - деді А.Дәдебаев.


Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірге – таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында Ботаникалық бақта көшет отырғызып, қалалық сенбілікке қатысты.

Іс-шарада Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, эко-волонтерлер, сондай-ақ Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері болды.



Соңғы жаңалықтар