+7 (701) 759 90 19
USD 428.71 EUR 519.12
RUB 5.79 CNY 66.61
Jańalyqtar

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр

2021 жылғы 4 мамыр 14:00
Бөлісіңіз:
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) сарапшылармен бірлесіп Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының (бұдан әрі – тұжырымдама) жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатты биылғы жылдың шілде айында Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығару жоспарланып отыр.

Әлеуметтік кодексті (бұдан әрі – Кодекс) әзірлеудің мақсаты азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау болып табылады.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтарға 1 Кодекспен, 16 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Әлеуметтік кодекс азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленеді және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, Кодексті қабылдау халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуін жеңілдетіп қана қоймай, нормативтік құқықтық актілер мазмұнының бірыңғай стилін қамтамасыз етеді (әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бірқатар заңдар 90-шы жылдардың басында қабылданған, ал одан бері НҚА әзірлеу тәсілдері айтарлықтай өзгерген).

Сондай-ақ, Кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылады – бір құжатта адамның өмір жолында, тіршілік әрекетінің барлық салаларында туындайтын барлық базалық құқықтар, оның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады.

Тұжырымдаманы әзірлеу шеңберінде ҚР Парламентінің депутаттарын, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдерін, сондай-ақ бастамашыл азаматтарды қоса алғанда, әлеуметтік саланың түрлі бағыттары бойынша 100-ден астам сарапшының қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының қызметі барысында ҚР 30-дан астам заңнамалық және 150 заңға тәуелді актілері, сондай-ақ әлеуметтік заңнаманы реттеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді.

Халық және қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы 500-ге жуық ұсыныс жинап, оларды қарады.

Жұмыс тобы Кодексті екі бөліктен тұратын – жалпы және ерекше бөліктерден жасауды ұсынады.

Жалпы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қатынастарды олардың өзара міндеттемелерін нақты айқындай отырып, құқықтық реттеудің негіздері белгіленеді.

Ерекше бөлік әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне арналады, онда оларға ден қою шаралары, әлеуметтік көмек алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оларды тағайындау шарттары мен мерзімдері айқындалатын болады.

«Кодексті әзірлеу және қабылдау қазіргі уақытта қолданылып жүрген 16 заңның күшін жояды. Яғни, мысалы, қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері 5 Заңмен регламенттелетін болса, онда болашақта бір ғана Кодекс болады. Бұл ретте жаңа Кодекс бүгінгі күні бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен және төлемдермен қамтамасыз етуді, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Тұжырымдама бекітілгеннен кейін Еңбекмині Әлеуметтік кодекстің өзін әзірлеуге кіріседі.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру бойынша жұмысты бастауды тапсырған болатын.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT