ҚР Президентінің өзекті мақаласы дер кезінде жарық көрді – Алтынбек Мамаюсупов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, бүгінгі шараның маңыздылығын және оның дер кезінде қолға алынғанын атап өткім келеді. Осыған байланысты Түркі академиясына аталған шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Әлем бойынша аса ауқымды өзгерістер болып жатқаны баршаға аян, сондықтан да бүгінгі шараның маңызы зор», - деп атап өтті А. Мамаюсупов Нұр-Сұлтанда «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференциясында.

Оның пікірінше, қазіргі уақытта халықаралық ұйымдарды, саясаткерлерді және ғылыми қайраткерлерді біріктіретін, бір үстелде өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін іс-шаралар айрықша маңызды.

«Әсіресе, кейбір шетелдік саясаткерлердің Қазақстан мен оның аумағына қатысты мәлімдемелері аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өте өзекті және дер кезінде шыққан мақаласын атап өткім келеді, онда мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың өте маңызды аспектілері және Қазақстанның болашақтағы дамуының, оны әрі қарай демократияландыру жөніндегі бағдарламалық пайымдары көрсетілген», - дейді А. Мамаюсупов.

Еске сала кетсек, конференцияда Халықаралық Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» жинағын таныстырды. Атлас ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен шыққан және әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.

Алқалы жиынға Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Акынжы, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская және өзге де түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.


Соңғы жаңалықтар