ҚР Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары: 8 млрд доллар сомасындағы келісімдерге қол қойылмақ

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда-саттық 4,1 млрд АҚШ долларын құрап, 35 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін өзбек-қазақ өңіраралық бизнес-форумы кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды рөл атқаратын айтты.

«Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі басты серіктесі. Екі ел үкіметіне сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылды. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өзара сауда 4,1 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға өсті», - деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400-ден астам кәсіпорын мен 400-ден астам бірлескен қазақ-өзбек компаниялары табысты жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация 2,2 миллиард доллар болатын 38-ден астам жобаны қамтиды, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

«Бүгінгі форумда шамамен 1 млрд доллар сомасына келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында 8 млрд АҚШ долларынан астам сомаға бірқатар келісім мен құжатқа қол қойылмақ», - деп атап өтті вице-премьер.

Еске салсақ, бүгін ҚР Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары басталады.
Соңғы жаңалықтар