ҚР Президентінің қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдемесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым.

Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ.

Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән.

Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын.

Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін.

Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», делінген Президент мәлімдемесінде.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі ел тұрғындары өзара келіспей, қақтығыс басталды. Қырғызстанның Баткен облысының Баткен ауданының «Головной» елді мекенінде жағдай шиеленісіп кетті. Қырғыз тарапы қақтығыс аймағынан 848 адам көшірілгенін мәлім етті.

Қырғызстан мен Тәжікстан 29 сәуірде сағат 20:00-ден бастап атысты тоқтату туралы келісімге келді.


Соңғы жаңалықтар