ҚР Президентінің алғашқы мемлекеттік сапарынан қандай қорытынды жасауға болады - сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастады. Бұл кездейсоқ емес. Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің өзара байланысы соңғы екі жылда жаңа деңгейге көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары барысында Өзбекстандағы Қазақстан жылының ресми түрде ашылуы және өткен жылы ғана қазақстандықтардың Өзбекстан жылын тойлауы бұл сөзімізге дәлел.

Осы тұрғыда Қазақстан Президентінің алғашқы мемлекеттік сапарын сараптап көрелік. Ең алдымен, Қ.Тоқаевтың сапарының маңыздылығына тоқталсақ. Қасым-Жомарт Кемелұлы көрші ел президенті Шавкат Мирзиёевтің жеке шақыруымен барғанын да айта кету керек. Жаңа Президенттің алғашқы сапары Мемлекеттің сыртқы саясаттағы басымдығының барометріндей десе де болады. Қасым-Жомарт Кемелұлының Мәскеуден соң, Ташкентке сапар шегуі көп векторлы саясат ұстанатын Қазақстанның Орталық Азия интеграциясына ерекше мән беріп отырғандығының дәлелі секілді. Сапар барысында, Таяу Шығыс пен Ауғанстан, аймақтағы өзекті мәселелер мен су-энергетикасы және сауда-экономикалық салаларды дамыту туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, Орталық Азия елдері көшбасшыларының ІІ саммитін өткізу мәселесі де қозғалды.

Айта кететін жайт, бірінші саммит 2018 жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен еді. Дәл осы кездесу барысында қос ел басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, Орталық Азия елдерінің өзекті мәселелерін халықаралық аренада лайықты түрде көтергеніне жоғары баға берді.

Дегенмен, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастың мұндай деңгейге көтерілуінің сыры - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен көрші ел басшысы Шавкат Мирзиёевтің еңбегінің нәтижесі екенін де естен шығармаған жөн. Шавкат Мероманұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет кездесті. Мұны Орталық Азия өңірін жіті зерттеп жүрген сарапшылар мен БАҚ өкілдері жарыса жазды.

Екіншіден, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысқа тоқтала кетсек. Осы сапар барысында Uza.uz ақпарат агенттігінің қазақ тілінде ақпарат таратуды бастағаны белгілі болды. Өзбекстанда ТМД бойынша ең көп автохтонды қазақ диаспорасы шоғырланған.

ӨР статистикалық мәліметіне сүйенсек, бұл елдегі қазақтар шамамен 1 млн адамды құрайды. Өзбек елінде 442 қазақ-өзбек, 192 таза қазақ мектебі бар. Кейбір ЖОО-да «қазақ тілі мен әдебиеті» бакалавры дәрежесі бойынша білім беріледі. Ең қызығы - Өзбекстан Жазушылар Одағының құрамында қазақ әдебиеті бойынша кеңес жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ диаспорасы жайындағы деректі фильмнің авторы ретінде көрші елдегі қандастардың бай әдеби мұрасы бар екеніне көз жеткіздік.

Енді екі елдің экономикалық байланыстарына тоқталсақ. Президент сапарының нәтижесінде 2020 жылдың соңына дейін өзара тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Қазақстан Өзбекстанның жалпы тауар айналымындағы үлесі 8,9 пайызға жетіп, Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орынға жайғасқан.

2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2,5 млрд долларға жетіп, 25,3 пайызға өскен. Оның ішінде 844,3 млн өзбек тауарының импорты болса, 1,6 млрд доллары қазақстандық экспортты құраған.

2017-2018 жылдары шекара бойындағы өңірлердегі өзара әріптестікті дамыту бойынша 11 облыстық деңгейдегі делегация ұйымдастырылған.

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін Түркістан облысы әкімдігінің Халықаралық сауда-экономикалық әріптестік орталығының жұмысы қолға алынып, шекара бойындағы сауданы жақсартып, қазақ-өзбек шекарасындағы транспорттық-транзиттік инфрақұрылымды «Солтүстік-Оңтүстік» Орталық Азия транспорттық коридоры аясында жаңарту жоспарланып отыр.

Қарапайым халық үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ мен «Дженерал Моторс Өзбекстан» АҚ арасындағы келісім нәтижесінде Қостанайда GM Uzbekistan жеңіл көліктері сериясымен «Равон» автокөлігі шығарылады. Қазақстандық тұтынушылар үшін қолжетімді әрі арзан бағадағы, жоғары сападағы «Равон» көлігі таптырмас мүмкіндік болмақ. Болашақта ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техникаға қатысты құрал-жабдықтарды шығару қолға алынбақ.

Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапары барысында, екі елдің Үкіметаралық комиссиясының статусын көтеруге және Үкімет басшылары деңгейінде тең Төрағаны тағайындауға уағдаласты. Үкіметаралық комиссия - екі ел арасындағы байланыстар мәселесінде таптырмас алаң. Комиссияның соңғы отырысы 2018 жылдың 12-14 наурызында Астана қаласында өткен болатын, келесі кездесу Ташкент қаласында өтуі тиіс.


Олжас БЕРКІНБАЕВ
саясаттанушы, сыртқы саясат және экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі

Соңғы жаңалықтар