ҚР Президенті VetMobile жобасын іске асыра бастауды тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Digital Bridge технологиялық форумының аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа VetMobile мобильдік қосымшасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен жасалған қосымша төрт түлік туралы ветеринарлық деректердің қалыптасу және деректерді алмасу процесін толық цифрлық форматқа көшіріп, мал дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетпек.

Технологиялық форум аясында ұйымдастырылған стартап жобалар аллеясын аралау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев VetMobile жобасымен егжей-тегжейлі танысты.

Мәлім етілгендей, қазір ветеринарлар төрт түлік туралы мәліметтерді қағаз түріндегі журналдарға жазып келеді. Ал онда қателіктер де кетіп жатыр. Кейін олар қате түрінде базаға енгізіледі.

Сол себепті мал дәрігерлері үшін VetMobile мобильдік қосымшасы жасалып отыр. Оның көмегімен малдың құлағында тұрған бирканы сканерлеу арқылы сол жануар туралы барлық мәліметті білуге болады. Атап айтқанда, қай елді мекенде өсіріліп отырғаны, қандай аурумен ауырғаны, оларға қарсы қабылданған емдері, профилактикалық вакциналардың бар-жоғы туралы деректер көрінеді.

Қазір ветеринарларды оқыту жүргізіліп жатыр. Жобаны қазан айының басынан өңірлердің бірінде пилоттық негізде іске қосу жоспарланған. Оған 50 планшет қолданылады.

Қазақстан Президенті мал дәрігерлерінің қанша пайызы бұл жобамен қамтылатынын сұрады.

Мемлекет басшысына берілген мәліметке сәйкес, жыл соңына дейін ветеринарлардың 60-70 пайызы планшеттермен қамтылатыны күтіледі. Ол үшін жергілікті органдармен сатып алу мәселесі пысықталады. Ал ілкі жобада қолданылатын планшеттерді Samsung компаниясы қол қойылған меморандум аясында тегін беріп отыр.

Қ.Тоқаев VetMobile жобасының дұрыс бастама екендігін айтып, оны іске асыруды бастап, жалғастыруды және қадағалауда ұстауды тапсырды.


Фото: t.me/bort_01




Соңғы жаңалықтар