ҚР Президенті: Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқан. Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Яссауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында.

Мемлекет басшысы түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түптамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын баса айтты.

«Біздің мақсатымыз - түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар