ҚР Президенті Түркі елдерін технологияларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Түркі кеңесі елдерімен бірлесіп, гидроқұрылымдар салу жобаларына қатысуға дайын. Бұл туралы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су энергетика саласы қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені, су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану елдеріміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайынбыз», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті пандемия жаңа технологияның күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін көрсеткендігіне баса назар аудартты.

«Қазір технология түрлі салаға жедел енгізілуде. Сондықтан мемлекеттеріміздің жасанды интелектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстанда бұл сала басымдыққа ие болды. Электрондық үкімет табысты жұмыс істеуде. Банк және қаржы жүйесінде Fintec озық технологиялар мен цифрлық шешімдер кең қолданыс табуда. Біз осы салада сіздермен тәжірибе алмасуға әзірміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар