ҚР Президенті: Террористік топтар шетелде үлкен дайындықтан өткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бүлікшілердің шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстанға нағыз террористерді айдап салған күштерді атады.

– Осыған байланысты біз оларға тойтарыс беру үшін террористерге қарсы операция жүргізуіміз қажет. Мен террористерге қарсы штабты басқарамын. Бұзақылар жасаған террористік актінің ұйымдастырушылары – нағыз террористер. Олардың қазіргі уақытта Алматы мен басқа да қалалардағы істеп жатқан жүгенсіздігі бізге белгілі. Инфрақұрылымдарды, ең бастысы, қару-жарақ сақталған қоймаларды басып алуда. Училище курсанттарымен ұрыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Алматының түбінде Қорғаныс министрлігінің әуе-десант бөлімшелері ұрыс жүргізуде, – деді Президент.

Президент аталған террористік топтардың, шын мәнінде, шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористер екенін және олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы өз сөзінде террористердің агрессиясына ұшыраған ел азаматтарына үндеу жасады.

– Қазақстан Республикасының Президенті ретінде сіздердің өмірлеріңізді қорғау үшін барымды саламын. Бірге жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Бұл — ел тарихындағы күрделі кезең. Бұл қалай, неге болды деген сұрақтардың жауабын анықтауға тура келеді. Бірақ бастысы, елімізді, азаматтарымызды қорғау, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар