ҚР Президенті Сауд Арабиясы Мемлекеттік инвестициялық қорының басқарушысымен кездесті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына әлемдегі ең ірі дербес әл-ауқат қорының бірі – Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының қызметі жөнінде ақпарат берілді. Қор басшысы Ясир Әл-Румайян экономиканың әртүрлі салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әртүрлі салалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтіп, өзара ортақ мүддені көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін Саудия Арабиясы инвестициялық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҰБХ «Бәйтерек» компаниялары арасындағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды.

Қор Саудияның басқа да компаниялары сияқты мұнай-химия өнеркәсібіндегі, жасыл энергетиканы дамыту саласындағы, металлургия және тау-кен секторларындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығын терең өңдеу жөніндегі ірі инвестициялық жобаларға қатысуға шақырылды.


Сауд Арабиясы Корольдігінің Мемлекеттік инвестициялық қоры – «Public Investment Fund» 1971 жылы құрылған. Қор Корольдіктің және аймақтың өнеркәсіп пен инфрақұрылым салаларындағы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұзақ мерзімді жобаларын басты қаржыландыру көзі.

Бұл – жиынтық активтері 620 миллиард доллар болатын әлемдегі ірі дербес қорлардың бірі. PIF қорында елдің құнды активтері, оның ішінде «Saudi Aramco» ірі мұнай компаниясының активтері де орналасқан.

Директорлар кеңесінің төрағасы – Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері – Мұхаммед бен Салман. Басқарушы – Ясир Осман Әл-Румайян.

Қор ұлттық және халықаралық дәрежедегі ұзақ мерзімді жобаларға инвестиция құю есебінен әлемдік деңгейдегі әртараптандырылған портфел қалыптастырады.

Қызметтің негізгі бағыттары: өнеркәсіп, инфрақұрылым, халықаралық бизнес, экспорты қолдау, қоршаған ортаға әлеуметтік қолдау көрсету және оны қорғау, телекоммуникациялар, аэроғарыш өнеркәсібі, энергетика, жасыл технологиялар.

Пандемия кезінде қор 8,7 миллиард долларға жуық әлемдік ірі компаниялардың акцияларын сатып алды (Boeing, Facebook, Disney, Marriott и Starbucks). Сондай-ақ қор АҚШ-тың ірі Citigroup және Bank of America банктеріне инвестиция құйды. Сонымен қатар BP, Total, Royal Dutch Shell, Eni и Equinor ASA сияқты мұнай алпауыттарының акцияларын сатып алды.

2021 жылы PIF қоры электрондық коммерциядан және қаржы технологияларынан бастап, биотехнологиялар және отын элементтеріндегі коммерциялық автокөліктерге дейінгі әртүрлі компанияларға инвестиция құю арқылы АҚШ-тың акцияларына салымды үш есе арттырып, 43 миллиард долларға дейін жеткізді. Жаңадан PayPal, Alibaba, Walmart, Pinterest және басқа да компанияларға инвестиция салған.


Фото: akorda.kz





Соңғы жаңалықтар