ҚР Президенті Ресеймен шекаралас аумақтарды дамытуға қатысты айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қызылжар» арнаулы экономикалық аймағының қызметі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарының кооперациясына серпін бере алады. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысушыларға видеоконференция режимінде сөз арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тұрақты сауда, инвестициялық қатынастарды дамытуға мүдделі. Шекаралас аумақтарымызда автомобиль жолдарын салу, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құру басымдық саналады. 2019 жылы СҚО-да «Қызылжар» арнаулы экономикалық аймағы құрылды. Жақын арада ол жерде экспортқа бағдарланған заманауи өндірістер пайда болады. Осы арнаулы экономикалық аймақтың қызметі екі елдің шекаралас аумақтарының кооперациясына жақсы серпін бере алады деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жоғары қайта бөлу өнімдерін өндірудегі ынтымақтастықты кеңейту тағы бір басымдық екендігіне назар аудартты.

«Павлодар, Атырау облыстарында ресейлік кәсіпорындардың алюминий және мұнай-химия кластерінде жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай бар. Осы бағыттағы шекара маңындағы ынтымақтастық кооперациясы елдеріміздің өнеркәсіп әлеуетін нығайтуға жәрдемдесетініне сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық және шекарамаңы ынтымақтастығы екі елдің барлық бағыт бойынша сындарлы өзара іс-қимылы үшін базалық платформа болуға тиіс деген ойын жеткізді.

«Қазіргі пікірталас елдеріміз арасындағы тең және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.


Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар