ҚР Президенті православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар!

Барша православ христиандарын Пасха мерекесімен құттықтаймын!

Бұл күн діндар адамдардың жүрегін мейірім мен қуанышқа бөлеп, рухани құндылықтар мен биік адамгершілік идеалдарды құрметтеуге, игі істерге үндейді.

Дәстүрлі Пасха мейрамы отбасылық қасиеттерді, қайырымдылықты, жақын жанға деген махабатты, адамдардың бір-біріне жанашырлық танытуын ұлықтайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кемел саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен келісім орнаған, сондай-ақ, барлық этностар мен конфессиялар өзара сыйластықта өмір сүруде.

Қазақстандықтар өсіп-өркендеу және даму жолында әрдайым ынтымақ пен бірлік танытып келеді.

Пасха мейрамы сіздерге бақ-береке әкеліп, игі бастамаларыңыздың жаршысы болсын!». - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Айта кетейік, Пасха мейрамы православ христиандарының басты мерекесі саналады. Бұл күні 48 күнге созылған ауыз бекіту аяқталады. Осы уақыт аралығында христиан дінін ұстанатындар мал етінен бас тартып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Бойын тәртіпке үйретіп, жиі сыйынады. Осылайша рухани тазарады.

Пасхаға христиандар ерекше дайындалады: үйлерін тазалап, мерекелік астарды әзірлейді. Боялған жұмыртқаларды пісіреді.

Мерекенің уақыты әр жылы әр күнге түсіп отырады, бірақ сәуір айында немесе мамыр айының басында болады.

Соңғы жаңалықтар