ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жаһандық бастамасы қауіпсіздік мәселелері бойынша қазақстандық-қытайлық келіссөздер барысында талқыланды (ФОТО)

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ қолдауымен лаңкестікпен күрес үшін халықаралық желі құру туралы бастамасы қазақстандық-қытайлық ынтымақтастық комитетінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық бойынша шағын комитетінің 8-ші отырысында талқыланды.

Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов, қытайлық делегацияны - ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин басқарды.

Тараптар ҚР Президентінің БҰҰ қолдауымен лаңкестікпен күрес үшін халықаралық желі құру туралы бастамасының және лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың жалпыға ортақ механизмдері мен әдістерін әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Шағын комитеттің тең төрағалары екі елдің күш құрылымдары өкілдерінің бір жылда жасалған жұмыс туралы баяндамаларын тыңдап, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты проблемаларын талқылады.

Лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес саласында, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және Азиядағы өзара іс-қимылдар және сенім шаралары бойынша кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы келісушілікке қол жеткізілді.

Шағын комитеттің 8-ші отырысының қорытындылары бойынша қазақстандық-қытайлық ынтымақтастықтың қауіпсіздік саласындағы басымдық бағыттарын айқындайтын Хаттамаға қол қойылды.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың қыркүйек айының соңында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында ҚР Президенті БҰҰ қолдауымен лаңкестікпен күрес үшін халықаралық желі құруды және лаңкестікке қарсы іс-қимылдардың жалпыға ортақ механизмдері мен әдістерін әзірлеуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар