ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы: Астана - қазақ халқының жасампаздық рухы мен еркіндігінің символы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осындай пікірді бүгін Алматыда өткен тарихи-музыкалық кеш барысында ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының докторы Әлімғазинов Қайрат білдірді.

Сарапшының ойынша, Астана - қазақ халқының жасампаздық рухы мен еркіндігінің жаршысы. «Бұған дейінгі тарихты өшіруге болмайды. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи дамуында түрлі қалалар астана мәртебесіне ие болып үлгерді. Тек өткен ХХ ғасырдың өзінде-ақ Орынбор, Ақмешіт (Қызылорда), Алматы секілді астаналық қалалар қалыптасты. Олар қазақ тарихының күрделі, бетбұрысты сын-сағаттарға толы тарихын айғақтайтын тарихи дерек ретінде де тарихшылардың зерттеу нысанына айнала алады. Әсіресе, бұл қалалар қазақ халқының бөгде жұрттың қол астындағы бодандық кезеңдерінің сипатын жан-жақты ашып көрсететін тарихи құндылығымен ерекшеленеді. Ал Астана болса, қазақ халқының жасампаздық рухы мен «Мәңгілік Ел» болу идеясының символы ретінде оқшауланады. Астанада күн сайын болып жататын халықаралық деңгейдегі түрлі саяси, экономикалық, мәдени шаралар мен бас қосулар, қазақстандықтардың өзара татулығы мен діни төзімділігін айғақтайтын түрлі мерекелер мен салтанатты шаралар соның бір дәлелі», - деді Қ.Әлімғазинов. Сарапшының айтуынша, қазақ халқының заманауи үлгідегі мемлекеттілігін өркендетуде - елдің бас қаласы Астананың мәртебесі өте зор. Тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары, сонау 1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен Жоғары кеңес қабылдаған шешім барынша салмақтылығын дәлелдеп берді. Қазіргі таңдағы әлемдік саясат нәтижелері мемлекеттің тәуелсіздігін орнықтырып, сақтап қалуда, сол елдің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті қарқынды дамуы шарт екендігін алға тартып отыр. Бұл орайда, мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылығын дәлелдейтін басты мәселелердің қатарында бас қаланың беделі мен атқаратын орны айрықша. Астана бүгінде әлем елдері арасында өз орнын айшықтап көрсете алатын міндетін жоғары деңгейде атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар