ҚР Президенті Қытайда «Бір белдеу, бір жол» форумының ашылуына қатысады

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің уақытымен сағат 09.00-де (Астана уақыты 07.00) Қытай астанасында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі екікүндік Форум ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Форум тақырыбы - «Бір белдеу, бір жол: ортақ өркендеу жолындағы ынтымақтастық». Қытай тарабы оны ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық бастамаларын - «Бір белдеу, бір жол» біртұтас идеясына біріктірілген «Жібек жолының экономикалық белдеуін» (2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда ұсынылды) және «21 ғасырдың Теңіздік Жібек жолын» ( 2013 жылдың қазанында Индонезияда айтылды) іс жүзінде іске асыру үшін диалог алаңына айналдырмақ.

Шараның күн тәртібі саясат, көлік, сауда, қаржы және халықтардың өзара байланысы мәселелеріне арналатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық байланыс, сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік инвестициялар, энергетика және ресурстар, қаржылық қолдау, гуманитарлық айырбас, қоршаған ортаны қорғау, теңіздегі өзара ынтымақтастық және тағы да басқа маңызды мәселелер талқыланбақ.

Форум Пленарлық сессия мен Жоғары деңгейдегі пікір алмасу бөлімдерінен тұрады, сондай-ақ Мемлекеттер басшыларының «дөңгелек үстелі» (15 мамыр күні жабық есік жағдайында) өтетіні жоспарлануда.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Форум жұмысына Ресей (Владимир Путин), Беларусь (Александр Лукашенко), Қырғызстан (Алмазбек Атамбаев), Өзбекстан (Шавкат Мирзиёев), Түркия (Реджеп Тайип Эрдоған), Аргентина (Маурисио Макри), Чили (Мишель Бачелет), Индонезия (Джоко Видодо), Вьетнам (Чан Дай Куанг), Филиппин (Родриго Роа Дутерте), Лаос (Буннянг Ворачит), Чехия (Милош Земан), Швейцария (Дорис Лойтхард), Кения (Ухуру Кениата) елдерінің басшылары, сондай-ақ Мьянма мемлекеттік хатшысы (Аун Сан Су Чжи), Пәкістан (Наваз Шариф), Венгрия (Виктор Орбан), Греция (Алексис Ципрас), Испания (Мариано Рахой), Италия (Паоло Джентилони), Камбоджа (Хун Сен), Малайзия (Наджиб Тун Разак), Моңғолия (Жаргалтулгын Эрдэнэбат), Польша (Беата Шидло), Сербия (Александр Вучич), Фиджа (Фрэнк Баинимарама), Шри-Ланка (Ранил Викрамасингхе) және Эфиопия (Хайлемариам Десалень) Премьер-министрлері, барлығы 29 мемлекеттің басшылығы қатысады. 

Сондай-ақ форум жұмысына БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Дүниежүзілік банктің президенті Ким Джим Ён және Халықаралық валюта қорының директоры -басқарушысы Кристин Лагард қатысады.

Форум «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы іске асырыла бастаған уақыттан  бергі оның шеңберінде өткізілген жоғары деңгейдегі, сондай-ақ  2017 жылдағы Қытайдағы  маңызды саяси-дипломатиялық шара болмақ.

Қытай басшылығы  Форус жұмысының тиісті деңгейде өтуіне ерекше мән беруде. Өйткені  осы шара қорытындысы бойынша «Бір белдеу, бір жол» бастамаларын іске асырудың бастапқы қорытындылары шығарылып, сондай-ақ  оны одан әрі  дамытудың жаңа шаралары қарастырылып, қабылданады.

Соңғы жаңалықтар