ҚР Президенті: Кездескен қиындықтардың барлығын табысты еңсере білдік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кездескен қиындықтардың барлығын ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті қазақстандықтар, отандастарым, ардақты ағайын, қадірлі әріптестерім, Нұр Отан партиясының мүшелері! Еліміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жариялайтындығымды білесіздер. Бүгінде баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы мүлдем басқа және зор деп санаймын. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Әрине, бұл оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымдағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы Кеңес империясы құлаған сәтте еліміздің саясаты мен экономикасы құлдырағандығын еске алды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіздік жағдай орын алғанын атап өтті.

«Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды. Азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз ол сынақтан сүріндей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік. Біздің үш тұғырлы міндетіміз - нарықты экономика құру, тоталитарлық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық. Біз әлсіз экономикамен, жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, соның нәтижесінде экономика көлемі 15 есе, халықтың табысы доллармен есептегенде 10 есеге артып, кедейшілік деңгейі 10 есеге жуық немесе 3 пайызға жақын қысқарды.

«Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда кездескен қиындықтардың барлығын ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар