ҚР Президенті Қазанда ынтымақтастық перспективалары жайлы айтты

None
None
ҚАЗАН. ҚазАқпарат - Қазан федералдық университетінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы айтты.

«Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар ерекше назар аудартады. Машина жасау, мұнай-химия, әскери-техникалық және көлік-логистикалық салаларда түрліше инвестициялық жобаларды іске асырып жатырмыз. Қазақстан мен Татарстан ғылым-білім саласында да белсенді ықпалдастық орнығып келеді. Қазан федералдық университетінің Қазақстанның 14 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық жасағаны осыған айқын дәлел бола алады», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы цифрландыру ғасыры қоғам мен экономика келбетінің түбегейлі өзгергеніне куә болып отырғанын жеткізді.

«Біздің елдер қазіргі заманның осындай сын-тегеуріндеріне жауап беруі қажет. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ірі жетістіктерге қол жеткізді. Кеңес одағы ыдыраған кезде 1992 жылы экономика тоқырап, екі жарым миллион адам жұмыссыз қалды, барлық байланыстар үзілді, дүкендер қаңырап қалды. Азаматтарға жалақы мен зейнетақы төлеуге қаржымыз болмады», - деді Президент. Оның айтуынша, республика экономикасын жаңғырту үшін жылдам жекешелендіру процесін жүргізу қажет болды. Соның арқасында елге 300 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанды индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының табысты іске асырылып жатқанын айтты.

«Соңғы бес жылда бес жарым мың шақырым заманауи автомобиль жолдарын, екі жарым мың шақырым теміржол салдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы жаңа астана салу жобасының сәтті іске асырылып жатқанына тоқталды.

«Екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз елміз. 6 шілдеде Астананың 20 жылдығын тойлаймыз. Небәрі  20 жылда ол күллі әлемге танымал миллионер қалаға айналды», - деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар